Ұлттық мұраны қастерлеген қайраткер азамат жайлы сыр-толғам

Тарихты жасаушы да, оны бар әлемге паш ететін де – халық. Тағдыры талай тамырлы тарихын тасқа басқан таңбасынан ажыратып, тамаша дүниелер тудыратындар да солар. Сол халықтың алғы шебінде тамыршыдай тарих пернесін дәл басып сөйлете алатын, соған орай әрекет ете білетін білімді де, білікті азаматтардың болуы – замана тудырған заңды құбылыс. Ұлытау өңірінің сондай азаматтарының бірі – қаңтар айында 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Серік ҰЛДАНОВ. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме дана халқымыз. Өрелі жанның өзгеге үлгі боларлық өнегелі ісін, Ұлытау-Жезқазған өңірінде, қалаберді Қазақстан көлемінде атқарған игі істері жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

Қасиетті Ұлытау жерінде шаңырақ көтерген Хаташ ағай мен Меңдіғаян анамыздың отбасында үш бала дүниеге келді. Үлкендері Асқар тұлабойы тұңғышы болса, ортаншы қыздары Әсия шаңырақтың шырайлы шаттығына айналды. Осындай ордалы отбасында 1962 жылдың 29 қаңтарында кенжелері, сергек саналы, сері көңілді азамат – Серік дүние есігін ашады. Ат ұстайтын азамат келді деп ата-анасы бек шаттанса, Серік те соған лайықты бола білді. Жасынан алғыр, пысық болып өсті. Қатар-құрбысының алды болды. Ұлынан үлкен үміт күткен ата-анасы оны қаладағы алдыңғы қатарлы оқу ошақтарының бірі №8 мектепке оқуға берді. Мектепте де жақсы оқып қана қоймай, белсенділігімен көзге түсіп, сынып комсоргы болды.

Азаматтың қалыптасуына көп жағдайда қоршаған ортасы мен қоғамының да әсері аз болмаса керек. Серік – жас кезінен жанына амал дос емес, адал дос ерте білген жігіт. Міне, осы отбасының тағы бір мақтан тұтары балалары десек, еш қателеспейміз. Алдымен ата-әжесіне, қалаберді әке-шешесіне тартып, бойларына атадан өсиет, анадан қасиет сіңіріп өскен, ақылдарына көріктері сай Мәдина, Ақмарал, Малика атты қыздары бұл отбасының мақтаныштары.

Серіктің бойындағы достарының айрықша әспеттеп, бағалайтын тағы бір қыры – спортты серік еткендігі. Кезінде Жезқазған қаласында жас самбошыларды тәрбиелеп, жаттықтырушылық қызметпен де айналысты. Спорт шеберлігіне кандидат. Шәкірттері көптеген республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегерлері.

Көп адамдар өзі айналысқан істен басқа салаларды бірдей меңгеріп, асқан біліктілік таныта алмайды. Қазіргі кезде қандай да бір саланың білікті маманы болу үшін көптеген жылдар кетеді, тіпті, өмір бойы сол салада тер төгуге тура келеді. Адамзат баласында барлық салаға қызығушылық танытып, жіті айналысып, жетік білуі – өте сирек кездесетін құбылыс. Ондай адамдарды қазақтар «сегіз қырлы, бір сырлы» десе, сол Серікке арналып айтылғандай. Серікті барлық салада жетік маман, жанжақты жан деп айта аламыз. Оның атқарған істеріне көз жүгіртсеңіз, осы сөзіміздің шындығына көз жеткізесіз. Сондай-ақ, барлық саланы игермек түгілі, бір саланың өзін бастан-аяқ меңгеріп шығу үшін көп уақыт, қажыр-қайрат, құрал-жабдық және қолайлы жағдай қажет екенін ескерсек, жан-жақты, білікті болу қиынның қиыны екені белгілі болады.

Мұны айтып отырғанымыз өзі металлург бола тұрып, Қазақстан тарихымен, археологиясымен, соның негізінде эксперименттік археологиямен, көне металлургиямен айналысуы. Оған дәлел – өлкетану бағытындағы «Жәдігер» қоғамдық бірлестігінің құрылуына белсене атсалысуы және жұмысының жүруіне айтарлықтай ықпал етуі, ұлтымыздың жойылып бара жатқан жәдігерлерін дер кезінде сақтап қалуға құлшыныс танытуы.

Ол «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының белсенді мүшесі ретінде көптеген өңірдің экологиялық мәселелерін шешуге атсалысты және алғашқы «Ұлытау» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Осы бірлестіктер мен қозғалыстардың атқарған істері шаш-етектен десек, онда Серіктің сіңірген еңбегі де ересен екендігі белгілі. Соның ішінде Жезқазған-Балқаш өңіріне ғарыштық зымыран мен өндірістің кері әсері жайында түсірілген «У черты» экологиялық кинофильмі – ақиқатты ашып айтқан шоқтығы биік туынды.

Кейіпкеріміздің қайраткерлік қалпының бір айғағы – Алтыншоқыдағы Ақсақ Темірдің жазуы бар ескерткіш-тақтаның көлемі мен формасын сақтай отырып, асқан дәлдікпен көшірмесін жасап қоюы. Ол үшін сол кездегі Ленинград қаласына барып, тасты жасаттырып, оны таудың басына апарып орналастыруы – тарихи құндылық деп бағаланған, елін сүйген ерлердің ғана қолынан келер іс. Жалпы ұмытылып бара жатқан тарихи жағдаяттарға қатысты дер кезінде қимыл жасай білуі – бұл азаматқа тән қасиет.

Жезқазған-Ұлытау өңірі дүние жүзіне металлургия отандарының бірі ретінде белгілі болса, соны дәлелдеуге археолог ғалымдармен қоса Серік сынды жігіттердің де еңбегі зор. Серік «Мысты көне әдіспен балқыту» тақырыбында ғылыми жұмыспен айналысып, сол зерттеулер негізінде «Жезқазғанға – 4000 жыл» атты іс-шара ұйымдастырды. Сәтбаев қаласынан 15 шақырым жердегі бағзы күндердегі балқыту пештері табылған Сорқұдықта мысты көне әдіспен балқытып, одан қола бұйым жасап шығарды. Осы іс-шараның басы-қасында Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкерлері болды.

Қазіргі таңда көптеген көне әдістерді қайта жаңғыртудың қиындығын ғалымдар да мойындап отыр. Оған мысал – Ресейдің көне металлургия тақырыбымен айналысатын ғалымдары бұл шаруаға 15-20 жылдай уақыт кететінін айтып, Серіктің жұмысына жоғарғы баға берді.

«Өмiр сүру үшiн өмiр сүруден – жақсы өмiр сүру әлдеқайда мәндiрек» дептi данышпан Сократ. Ал өмiр дегенiмiз – әрекет ету. Осы тұрғыда Ұлытау-Жезқазған азаматтарының бәтуалы істерінің бірі – ата тарихының арнасын бұзбай, келешекке кеңінен насихаттау мақсатында Кіші Жібек жолымен «Отырар-Ұлытау» тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастыруы. Бұдан тысқары, жиһанкез Бақтияр Қожахметовтың бастамасымен Еуразиялық дала халқының өзара әрекеттесуі мен ықпалдасуы тарихын зерделей отырып, бітімгершілік идеяларын насихаттау, интеграциялық процестерді нығайту идеясына үлес қосу мақсатында 1999 жылы «Алтай-Дунай» халықаралық экспедициясы ұйымдастырылды. Осы экспедицияның өмірге келуі мен нәтижелі өтуінде Секеңнің айшықты қолтаңбасы бар. Ол 1998 жылы экспедицияны ұйымдастыру және бағытын анықтау мақсатында Алтай өлкесіне, Қазақстанның батыс өңірлеріне, Ресейдің Саратов қаласына барып, тиісті мекемелермен тығыз қарым-қатынастар орнатып, алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедицияның бірінші кезеңіне қатысып, жетекшінің орынбасары қызметін абыройлы атқарды.

Өзімізге, айналамызға және тарихтағы ұлы тұлғалар мен жақсы атымен танылған тамаша жандарға қарасақ, олардың белгілі бір жақсы қасиетін, өзгеше қырын байқаймыз. Алайда, адами қасиеттің барлық түрі бір басында кездесетін ешкімді көре алмаймыз. Біреулері Атымтайдай жомарт болғанымен, дәл сол дәрежеде кешірімшіл емес. Енді біреуі батыр, әйтсе де сараңдығы бар, ал біреуі би, кейде оның да арамдығы бар. Сондай-ақ, ешкім бір жақсы мінездің шырқау шыңына жеткен емес. Ал, Серіктің бойында адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттердің барлық қыры жоғары деңгейде қалыптасқан.

Оның өнерге, сұлулыққа деген іңкәрлігін киноәуесқойлар клубының мүшесі болуы айғақтайды. Киноға әуесқойлығы Секеңнің «Қола дәуіріне саяхат» атты туындысы облыстық әуесқой фильмдер байқауында Бас жүлдені ұтып алуына себепкер болды.

1994 жылы 3 қарашада Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайына Президент Нұрсұлтан Назарбаев келгенде бабалар әдісі бойынша ежелгі үлгідегі пеште қола балқытылып, балға пішініндегі құйма алынды. Міне, осы шараға дайындықпен қатар, құйманы құю кезінде Елбасының көмекшісі міндетін атқарған да осы Серік болатын.

Секең – өнегелі өмірін өнермен де ұштастыра білген азамат. Музыка аспаптарының ішінде өзіне серік еткен гитарасын жақсы сырласына айналдыра білген жан. Қала өміріндегі түрлі іс-шаралар мен байқауларға қатысып бақ сынап, басым түскен кездері де аз емес. Оның гитара сазына ілесіп, күміс көмейінен төгілген әні кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Экспедицияда жүргенде де әріптестерінің шаршауын басқан сол Секеңнің жанға жайлы, жүрекке жұмсақ қоңыр дауысынан шыққан әдемі әндері болатын.

Бір жағынан байсалды, салиқалы болса, екінші жағынан жылы жүзді, ақкөңіл. Бұл қасиеттерін достары өте жақсы біледі. Кейде жүзі суық болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, барынша мейірімді. Серіктен барлық жағдайда орынды сөз сөйлеуді, дұрыс әрекет етуді, жақсы қарым-қатынас жасауды үйренуге болады. Жүйелі ұзақ ойлануды, асықпай шешім қабылдауды қажет ететін жағдайда да шұғыл шешім қабылдай біледі. Осындай адамгершілігі мінсіз адамда құрмет, абырой, бедел, адал дос, қайырымды туыс-туғанның мол болары күмәнсіз ақиқат.

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ.