Ұлттың ұлы ұстазы

Кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына биыл – 150 жыл.

Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған дарынды тұлға, тіл теориясын негіздеген талантты лингвист, түрколог, қоғам ісіне белсене араласқан мемлекет қайраткері, әдебиеттанушы, педагог, публицист, ақын-аудармашы. Қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым. Дәстүрлі құжаттарға сүйенсек, Ахмет қазіргі Қостанай облысы, Торғай өңіріндегі Сарытүбек жерде 1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы елге сыйлы, беделді, қайратты кісі болады. Осындай ортада тәлім алған ол жасынан бірбеткей, жігерлі болып өседі. Жаратылысынан талантты бала әуелі өз үйінде көзі қарақты жандардан хат танып, уақыт өте келе ауыл мектебінен сауат ашады. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищені тәмамдап, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепті бітіреді. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап, мұғалімдік қызметке біржола бет бұрады. Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады. Мұғалім бола жүріп қоғамда болып жатқан келелі істерге бей-жай қарамай, оған да белсене араласады. Әділет үшін күресіп, ұлттың сөзін сөйлейді. Патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Өзінің туған халқының жарқын болашағын көргісі келеді. Келешек ұрпақ үшін оқу құралдарын жазады, аударма жасайды, фольклор нұсқаларын жинайды. Осы кезде-ақ қазақы ой-сана, қазақы қалыптың сақталуын көздейді. Халқын азаттыққа жеткізудің жолын аласұрып іздейді. Бүкіл болмысы қазақ болып сөйлейді. Мұндай әрекеттері отаршылдарға ұнамай, оның жолын бөгейді. 1909 жылы 1 шілдеде ол жазықсыздан жазықсыз губернатор Тройницкийдің Жарлығымен күтпеген жерден Семей абақтысына қамалады. Бұл уақыт Қарқаралы екі сыныптық училищеде оқу ісінің меңгерушісі болып жүрген кезі. Сондағы жазаның соңы сотсыз, үкімсіз, нақақтан-нақақ сегіз ай бойы түрмеде ұстаумен аяқталады. 1910 жылы түрмеден босап шығады. Артынша оның өмірінде жаңа белесті күн туады. Уфадағы «Ғалияда» оқып жүрген қазақ жастары таза қазақ тілінде бейресми газет шығаруды ұйғарып, сол газеттің редакторлығына Ахметті қалайды. Сөйтіп, 1913-1917 жылдары Орынборда шыққан «Қазақ» газетіне Ахмет Байтұрсынұлы редактор болып, халық өмірінің небір көкейкесті мәселелерін көтереді. Мұнысы патша өкіметіне тағы ұнамай, оны абақтыға қамауға дейін барады. Ақшалай айыппұл салады. Бұл жөнінде сол кездегі «Айқап» журналында былай делінген: «Қазақ» газетінің 80-ші санында жазылған мақала үшін 1500 теңге айыппұл салынды. Егер төлей алмаса Ахмет Байтұрсыновты үш ай түрмеге жабуы мүмкін» деп жазады. Мұны естіген қазақ жанашырлары қолдау көрсетіп, газетте жабылмай, редактор бостандықта қалып, айыппұлды ел азаматтары өздері төлейді. Осылайша «Қазақ» газетінің халық арасында үлкен беделге ие болуы Ахмет Байтұрсынұлының таланты мен қарымды қаламгерлігінің арқасы еді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өз естелігінде былай дейді: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі Ахмет, Міржақыптың әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұтас, ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытында келеді… Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды» деп жазады. Бұдан бөлек, Ахмет Байтұрсынов мұрасындағы негізгі арналардың бірі – мысал. Онда халықты ояту, олардың санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету мақсатында ұлы Абайдың ізімен – орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану арқылы аударма жасауға бет бұруы өзіндік сипат алады

Көне ертегі, хикая үлгілері емес, жаңа форматта мысалмен өрбітіп, жануарлар әлемінен көрініс тапқан шығармалар аясында әлеуметтік ойға ықпал етеді. Осы мақсатпен Иван Крылов туындыларын аударып, «Қырық мысал» деген атпен Петербургта кітап бастырып шығарады. Бұл аудармаларында Ахаң орысша түпнұсқадағы кіріспеге соқпастан бірден ондағы оқиғаны өзі баяндаудан бастайды, бұдан алар ғибрат не деген түйінмен жыр соңын қорытындылайды. Жыр құрылысына Ахмет Байтұрсынұлы осылайша өзгеріс енгізіп, өзгерткен сыңайлы. Мұндай құбылыс «Қырық мысалға» енген мысал-өлең атаулының бәріне тән. Тіпті кейбір мысалдарында болған жәйді, оқиғаны түгел бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндап, төрелігін өзің айт дегендей сыңай танытатын кездері де аз емес. Сондай әрекеттерімен халқының рухани көкірегін ашуды, қалың елін қараңғыдан оятуды мақсат еткен Ахаң әрбір мысалды өз көкейінде жүрген оймен жалпақ жұртқа жеткізіп отырады. Мысалдағы оқиғаны қазақ тіршілігіне ыңғайландырып, қайта жаңғыртып, оңтайлы, ұрымтал үлгіде пайдаланғанын көреміз. Осы мысалдарды қазақ тұрмысына өте жақын суреттермен жымдастырып, қазақтың төл туындысындай етіп жібереді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазаққа ашық хат» сияқты ел тағдыры, жер мәселесі туралы жазылған көлемді мақалалары да бар. Осындай материалдары оның тарихи біліктілігін, ойшылдық деңгейін журналистік стилін көрсетіп, сол уақыттағы рухани даму кезеңдерінен мол хабар береді. Ал, Абайды қазақтың бас ақыны деп те, Абай жайлы тұңғыш пікір айтқанда, ұлы ақынды ерте танығанда Ахмет еді. Ол 1913 жылы «Қазақ» газетінің №39 санында «Қазақтың бас ақыны» деп мақала жариялағанын бүгінгі көзі қарақты оқырманның бәрі біледі. Бұл мақаладан Ахметтің Абайды әбден танып-біліп, оның шығармаларын толықтай игерген тұсын аңғарамыз.

Тағы бір айта кетерлігі, Ахаңның ғалым-тілші, әдебиетші ретінде жазған құнды дүниелері көп. Бұлардың ішінде бір-бірімен сабақтас мақалалары да бар. Мәселен, «Оқу жайы» мақаласында сол кездегі сауаттылық мәселелерін қозғайды. Осыған жалғас ойларын «Қазақша оқу жайынан» мақаласында одан әрі пысықтай түсіп, автор былай деп жазады: «Бала оқытуды жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап өсіп-жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білу қажет. Баланың ісіне, түріне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек» деп салмақты ой тастайды.

Ғалымның тағы бір оқу жайында айтқан терең мағыналы сөзіне жүгінсек: «Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек болғанда, қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет…» деп ойын түйіндейді. Қазір де тіл мәселесі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Демек, Ахаңның ұстанған бағыты осы күнге де ой саларлық дүние. Әрине, Ахаңның көп қырлы ғалым екендігі жалпақ жұртқа мәлім. Ол жинап, реттеп, өңдеп бастырған фольклор материалдар жетерлік. Солардың бірі – 1923 жылы Мәскеуде «Күншығыс» баспасынан жарық көрген «Ерсайын» жыры. Бұл кітапты Григорий Николаевич Потанинге тарту ретінде арнап шығарған. Ал, екінші фольклоры – 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген 23 жоқтау. Онда қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын трагедиялық жырлары берілген. Бұдан кейінгі 1926 жылы Ташкентте шыққан «Әдебиет танытқыш» кітабы. Маңызы аса жоғары кітапта ұлттық әдебиет тануының ғылыми негізі, ең керекті терминдері мен категориялары түгелдей қамтылған. Демек, Ахаң – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғұлама ғалым. Өз ұлтын шын сүйген патриот.

Сол заманда Ахмет Байтұрсынов туралы бағалы пікір білдірген адамның бірі – Сәкен Сейфуллин еді. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне (1923, 30 қаңтар) «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген мақала жазып, онда былай дейді: «…Өзге оқығандар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, дауысын шығарып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары, уезд, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет ұлтына жанын аямай қызмет қылды» деп жазылған.

Шынында да солай. Ол өзінің бар ғұмырын халқына арнады. Оның жазған еңбектері халқының қамы үшін әрекеттенген дүние. Қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреді. Бірақ, Ахмет Байтұрсынұлын сталиндік қылышынан қаны тамған кезең 1929 жылы абақтыға қамады. Айтары көп ұлы тұлғаның жолын бөгей берді. Біраз өмірі азаппен өтті. 1936 жылы түрмеден босап келгенмен, тағы қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақыры, 1937 жылғы зобалаңда ұлттың ұлы ұстазы ату жазасына кесіледі.

Ал, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда, «Ахмет ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны» – ұлтын сүйер ұрпағы тұрғанда ешқашан өшпек емес, бүгінде жоғалған жоқ. Оның жазған еңбектері қазақ халқына өмір бойы рухани азық болары хақ. Кемел тұлғаның дара жолы бүгінгі буынға үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге болып қалмақ.

Қайрат ЖҰМАБАЙ