Ұлттық экономика министрі Ұлытау облысына келді

Өткен аптаның соңында Ұлытау облысына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді. Қадірлі мейманды облыс әкімінің орынбасары Аман Барекенов Жезқазған әуежайынан күтіп алды…

Министр өзінің жұмыс сапарын «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіретін Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысымен танысудан бастады. Бұдан соң Жезқазған қаласында шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, Сәтбаев қаласындағы Анненскі кенішіне атбасын бұрды. Түс ауа ұлт ұясы – Ұлытауға барып, елмен жүздесті.

Моноқалалар министрліктің назарында

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, министр өзінің жұмыс сапарын «Kazakhmys Smelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кіретін Жезқазған мыс балқыту зауытынан бастады.

Әлібек Қуантыров бірнеше цехтарды аралап, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. «Kazakhmys Smelting» компаниясының бас директоры Жәнібек Байғабелов зауытты жаңғырту, өндірістің келесі кезеңдерін іске қосу туралы жоспарларымен бөлісті.

Орайы келгенде айта кетейік, кәсіпорын 497 мың тонна көлемінде мыс концентратын өңдейді және жылына 178 мың тонна катодты мыс өндіреді. Зауытта 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Металлургтердің орташа жалақысы айына 518 мың теңгені құрайды.

Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланған бас директор проблемалық мәселелерді де көтерді. Оның айтуынша газ және жабық вагондардың тапшылығы жұмыстың қарқынды жүруіне кедергі келтіруде.

Өңірлік даму саясатына жауапты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек еткен Әлібек Сәкенұлы инженерлік және көліктік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстардың қолға алынатынын айтты.

– Ең бастысы, моноқалалардағы халықтың өмір сүру деңгейіне ерекше назар аударылады. 2020-2022 жылдары ҚР ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы аясында Сәтпаев қаласында «Батыс, шығыс аудандары мен №8 шағын аудан аумағының жер үсті суларын төмендету және бұру» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 1,1 млрд.теңге бөлінді. Жалпы алғанда, моноқалаларды дамыту мәселелері Министрліктің тұрақты назарында, – деді Әлібек Қуантыров.

Өңірге жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Сәтпаев қаласындағы Шығыс Жезқазған кенішіне барды. Мұнда ол Анненск шахтасына түсіп, мыс өндірудің технологиялық процестерімен танысып, кеншілермен әңгімелесті. Бүгінгі күні кен орнында 1780 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 762 мың теңге.

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмады

Ұлттық экономика министрі сол күні түс ауа Ұлытау ауданына атбасын бұрды. Қадірлі мейман әуелі «Хан ордасы» кешенінде болып, тарихи орынды көріп, өңірдің табиғатын тамашалады…

Әлібек Қуантыров тарихи орыннан оралысмен аудан әкімдігінде Ұлытау аданының жұртшылығымен жүздесіп, тұрғындардың ұсыныс пікірін тыңдады.

Алғашқы болып сөз алған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенғали Әбжамалов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпалын тигізетін жол мәселесін көтерді. Ақсақал әсіресе Жезқазған-Арқалық жол құрылысына жәрдемдесуді сұрады.

– Инфрақұрылымды қалыптастыру аймақтың дамуына зор серпін береді. Туризм де алға басады. Халықтын шағын және орта бизнеспен айналысуына да үлкен мүмкіндіктер туады. Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан бұған үлкен түсіністікпен қарап, нақтылы шешім табуына жәрдемдесіңіз, – деді Есенғали Әбжамалов мәселені төтесінен қойып.

– Мен өңірге барды көру үшін емес, не жетіспейді, қандай өзекті мәселелер орын алып отыр, соны шешудің жолдарын өздеріңізбен кеңесіп, қаржылай қолдау көрсету үшін келіп отырмын. Жаңадан құрылып жатқан облыстың алдында атқарылатын қыруар істер тұр. Соны бірлесіп бағамдап, бірінші кезекте не істелуі керек, қандай мәселеге баса назар аудару қажет екенін айқындауымыз керек. Бүгінгі кездесуіміздің бе басты мақсаты осы, – деген министр өңірлерді дамыту министрліктің басты назарында тұрғанына тоқталды.

– Жолдар – экономиканың негізгі артериясы. Бұл ретте әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін күрделі және орташа жөндеу жөніндегі іс-шаралар жалпы сипаттағы трансферттер және жергілікті бюджеттер шеңберінде жүзеге асырылады. Яғни, жөндеуге арналған ағымдағы шығыстар облыс әкімдіктерінің қарамағына берілді, – деп түйіндеді сөзін Әлібек Қуантыров.

Өз кезегінде, Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аман Барекенов Жезқазған-Арқалық учаскесі бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені және автомобиль жолының құрылысын үш жыл ішінде аяқтау жоспарланғаны туралы хабарлады.

Орайы келгенде айта кетейік, 2023 жылы республикалық бюджеттен Ұлытау облысы бойынша жолдарды салуға және жөндеуге 2,4 млрд. теңге бөлінді.

Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков ауданға жанар-жағармай стансаларының қажеттігін де алға тартты.

– Ұлытау туристік аймаққа айналар кезеңде тұр. Қазірдің өзінде өңіріміздегі тарихи орындарды көруге келетіндер, қасиетті жерлдерге тәу ететіндер қатары артып отыр. Елдің көбі өздерінің жекеменшік көліктерімен келеді. Жанар-жағармай таппай қалатын кездер де болады. Сондықтан аудан орталығында іргелі компаниялардың жанармай бекеттері көптеп ашылса, – деген ұсынысын айтты. Жергілікті билік жанар-жағармай стансасы үшін жер телімін беруге дайын екендігін де жеткізді.

Министр аталған мәселеге орай құзырлы орындарға тапсырма беретінін айтса, облыс әкімінің орынбасары Аман Сайлаубекұлы бүгінгі күні инвесторларды іздеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Кездесуге келген халық көкейіндегілерін айтып қалуға тырысты. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ахат Құрмансейітов «Құмкөл мұнай» компаниясының жері Ұлытау аумағына тиесілі екенін. Ол жер он жылға Қызылорда қаласына жалға берілгенін, биыл ол мерзімнің аяқталатытын айта келіп, осы жер өнеркәсібімен Ұлытау ауданына қайтарылса ауданның ғана емес жаңа облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артуына зор ықралы тиетінін тілге тиек етті. Тұрғындар өз кезегінде ауданға заманауи аурухананың қажеттігін, жедел медициналық көмектің кенжелеп тұрғанын да жеткізді.

– Ұлытау өңірі еліміздің өзге аймақтары сияқты емес. Бұл жақтын ауа-райы күрделі. Қысы алты айға сосылады. Ал ол апталап соғатын бораны мен ақырған аязымен де ерекше. Биыл, қантардың алғашқы бір аптасында қарлы боран соғып, қарды тығындап тастады. Енді бір ай қар күреумен, қар тазалаумен кетеді. Осындайда ауданға қар күрейтін мықты техникалары бар жол-құрылысы мекемесі керек. Осы жағынан ықпал етсеңіз, – деді аудандық спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалинов.

Әлібек Қуантыров айтылған мәселелердің бәрін байыппен тыңдап, тұжырымды жауаптар қайтарды. Ауданда аурухана жоспарланғандай 2024 жылы емес, биыл басталатынын айтып, оған қажетті қаражат жеткілікті бөлінетінін жеткізіп, жиналғандарды бір қуантты. Сондай-ақ, жол компанияларының филиалдары да Ұлытау облысында жақын арада ашылатынын атап өтті.

Жұртшылықпен жүздесуден кейін министр аудан орталығындағы тірек мектебінде болды. Мейман мектепті аралап, онда ашылған заманауи кабинеттерді аралап көрді.

Орайы келгенде айта кетейік, білім беру мекемесінде 34 кабинет бар. STEM лаборатория, логопед, арт-студия, шеберлік сыныптары жұмыс істейді. Сондай-ақ алдағы уақытта басқа да мектептермен онлайн тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін телестудия жасақталған. Бұлардың бәрі «Қазақстан Халқына» қоры тарапынан қаржыландырылған. Кабинеттерді жабдықтауға аталмыш қор 250 млн. теңге бөліпті. Ұлытау трек мектебінде 400-ге жуық бала оқиды.

Әлеуметтік нанға ұн тұрақты бөлінеді

Ұлттық экономика министрінің Ұлытау өңіріне сапары келесі күні Жезқазған қаласындағы «Ұлытау нан» нан зауытында түйінделді. Мұнда мейман зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, түйінді мәселелерін тыңдады.

«Ұлытау нан» зауыты 2018 жылы салынып, пайдалануға берілген. Содан бері Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кентінің, Ұлытау ауданының тұрғындарын, «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарындағы асханаларды, балалар бақшасы мен мектептерді нан өнімдерімен қамьтамасыз етіп отыр. Кәсіпорынның тәуліктік қуаты 25 тонна. Зауыт күніне 10-12 тонна болатын 120 түрлі нан өнімдерін шығарады. Мұның 50-дей түрі кондитерлік өнімдер. Нан өнімдері дүкендерге 85-95 теңгеден жіберіледі. Қазір мұнда 240-тай адам еңбек етуде.

Мейманды зауыт директоры Ермек Байбазаров қарсы алып, кәсіпорынның ішкі жұмыстарымен екжей-тегжейлі таныстырды. Оның айтуынша жұмысшыларға барлық жағдайдар жасалынған. Заманауи үлгіде салынған зауытта барлық жұмыс автоматтандырылған. Жұмыскерлерге киім-кешек, әлеуметтік пакет түрлері қасастырылыпты. Зауыттың өз автопаркі де бар. Бүгінгі күні зауыт Ұлытау облысы әкімдігімен меморандумға қол қойған. Әкімдік кәсіпорынды арзан ұнмен қамтамасыз етеді, ал зауыт халыққа арзан бағадағы әлеуметтік нан пісіретін болады. Кездесу барысында Ермек Мелсұлы осы мәселені пысықтады.

– Халықты әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде арзан ұн қоры болуы керек. Сондықтан бірінші сортты арзан ұн алуға қаржы бөлу өте маңызды, – деді заут директоры өз кезегінде.

Министр бұл мәселенің назарында екенін жеткізді. Биыл елімізде астықтың жеткілікті мөлшерде жиналғанын, қоймаладра ұнның мол екенін айта келіп, халыққа қажетті әлеуметтік нан үшін қажетті қаржы тұрақты бөлініп тұратынын да айтты.

Түйін

Үлкен жерден ұлық келсе ұпайымызды түгендеп берер ме екен деген үміттің еселенетіні анық қой. Бұл жолы да ел Ұлттық экономика министріне үміттене қараған еді. Мейманның елмен әңгімесінен кейін сол үміт ақталардай көрінді. Министрдің өзгелердей емес, «Міндетіміз – барды көру емес, жоқты тауып беру» деген сынды сөзі сол үмітімізді үкілей түсті де. Әрине оның нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Лайым жақсылығымен болғай…

Ізтай Белгібайұлы.