Ұлт ұясы – Ұлытауға жаяу сапарға шықты

Бүгін белгілі продюсер Асхат ҚАЖЫТАЙ Қарағандыдағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші алдынан Ұлт ұясы – Ұлытауға жаяу сапарға шықты. Бұған дейін марафоншы «Жаяу» танымдық туризм жобасы аясында Ақсораң биіктігін алты күнде бағындырған еді. Шіліңгір шілдеде жаяу 777 шақырымды бағындыру – нағыз ердің ісі екені белгілі.

– Басты мақсатым – экотуризм, этнотуризмді насихаттау, ұлы тұлғалардың басына барып, тәу ету. Облысымызда Ұлытау аймағы – туризмімен ерекше. Соған үлес қосқым келеді. Абай, Жаңаарқа аудандарына да арнайы соғамын. Жезқазған, Сәтбаев қалаларында да боламын, бұйырса. Әр өлкенің өзіндік тарихы бар ғой. Соны насихаттамақ ниетім бар, – дейді Асхат Қажытай. 

Бұдан бөлек, марафоншы «Қайырымды километр» акциясын жоспарлап отыр. Яғни, Ұлытау ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға оқу құралдарын табыстамақ. Өз қаражатына. 

Асхат басқа елдерге де жаяу жолға шықпақшы. Шет елден ұтымды ұсыныстар түсіп жатқанын сүйіншіледі. Бұйырса, ол сапардың да ауылы алыс емес екен. Күзге жоспарланған. Бұл қуанышты хабарымен «Ұлытауға аман-есен жеткен күні толығырақ бөлісемін» дейді. Асхатқа ақ жол!

Қасымхан ҒАЛЫМ