Ұлт саулығы – басты назарда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Əділетті Қазақстан: құқық тəртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы нақты қадамдар мен мақсаттардан құралған 9 бағыттан тұрады. Соның ішінде маңызды бағыттардың бірі – Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты əлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту туралы.

Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі.Адам тірі кезінде қадірін білмейтін екі асыл құндылық бар. Оның бірі уақыт болса, екіншісі – денсаулық. Расында да, көбіміз денсаулықтың қадіріне ауырып, қиналғанда ғана жететініміз анық. Денсаулық – табиғаттың адамзатқа тарту еткен ең асыл сыйы. Осы асыл сыйдың мемлекет тарапынан жан-жақты қорғалып, қамтамасыз етілуі адам өмірі, оның денсаулығы еліміздің басты құндылығы екендігінің бір дəлелін көрсетеді. Мемлекет басшысының бұған дейінгі де Қазақстандықтарға арнаған Жолдауында медицина саласына, тұрғындардың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу, медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мəселелеріне көңіл бөлініп, нақты міндеттер қойылып келеді. Осының негізінде салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, қол жеткен табыстар баршылық. Бұл өз кезегінде ұлт болашағына жасалған шынайы қамқорлық екені сөзсіз. Президентіміздің айтуы бойынша міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар əкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Өткен жылы елімізде денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Жолдауда айтылғандай медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне əкеп соқтырды. Сонымен қатар науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз еместігін атап өтіп, мемлекет басшысы бұған жол беруге болмайтындығын нақтылап айтты. Медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажеттігі жəне одан асып кеткен шығынның бəрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиістігі туралы атап өтті. Осы орайда медицина саласында цифрланыру жүйесін жетілдіру мемлекет алдында тұрған маңызды мəселелердің бірі.Десек те, ұлт саулығы əр уақытта мемлекет назарынан тыс қалмайтындығы кеудеге қуаныш ұялататыны сөзсіз.

Ғазиз МОЛДАМҰХАНОВ,
зейнеткер.