Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған

Қазақ күнтізбесінің жарық көргеніне 3 жыл толды

2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен Қарағанды қаласында Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Күнтізбені шығарудағы мақсат ұлт құндылықтарын сақтау мен оларды  қоғамда тұрақты  насихаттауға жол ашу. Күнтізбедегі атаулы күндер тарихи тұлғалар мен ұлттық тарихымыз үшін  құнды даталармен етене байланысып жатыр. Жалпы алғанда, ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі барлығы 33 атаулы күннен тұрады.

Осы ретте күнтізбе жайлы қызықты деректерге тоқталсақ, ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің 14 атаулы күні жазушы Ілияс  Есенберлин, тарихшы Ермахан Бекмахан, композитор Нұрғиса Тіленді, ғалым Қаныш Сәтбай, қоғам қайраткері Халел Досмұхамед, ұшқыш Хиуаз Доспан, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы мен Әлімхан Ермек, Сәкен Сейфуллин, қазақтың соңғы ханы  Кенесары Қасымұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкір, тілтанушы Мәулен Балақай, батырлар Рақымжан Қошқарбай мен Мәлік Ғабдуллин, Ахмет Байтұрсын сынды тарихи тұлғалардың туған күндері мен олар қатысқан тарихи даталармен  сабақтастырылып белгіленген. Сондай-ақ күнтізбеде 7 тарихи оқиға көрініс тапқан, олардың ішінде «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген 1913 жылғы 2 ақпан, 1911 жыл — Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылған күн,  1920 жыл — Ә.Ермек пен Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алған дата, 1841 жыл қыркүйек айы — Кенесары Қасымұлының бүкіл қазақтың ханы болып сайланған уақыты, 1991 жыл — Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкірдің ұшқан күні, 1891 жыл 25 қараша — Түркі жазуының құпиясы ашылған күн  және еліміздің жаңа кезеңіндегі  тарихының айшықты датасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны — ҚР Тәуелсіздік алған күн көрініс тапқан. Сонымен қатар, күнтізбеде 18 ұлттық құндылық насихатталады. Атап айтар болсақ, ол қазақ әдебиеті, ұлт денсаулығы, қазақ тарихы, салт-дәстүр, қазақ өнері, ұлттық тағамдар, ұлт қайраткерлерінің еңбегі, ұлттық ойындар, туған жер, Алаш ұраны, ел бірлігі және мемлекеттілік, мемлекеттік тіл, қазақ отбасы, қазақ жігіттері мен қыздары және ақсақалдар институты құндылықтары. Сондай-ақ халқымыздың рухани бітім – болмысын паш ететін Қазақ халқы күні бар. Бұған қоса, қазақтың дәстүрлі 3 мерекесі — Көрісу күні, Амал мерекесі, Әз Наурыз, Қымызмұрындық және 6 салты — Селт еткізер, Кестелі орамал, шаңырақ көтеру, Асар, бата беру, елдік мәселелер айтылатын құрылтай насихатталады. Күнтізбені авторы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының авторы Нұржан Сұршаұлы. Өз сөзінде ол «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға бағытталған тамаша мүмкіндік. Күнтізбені жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарында, халық мұрасын қоғамда тұрақты түрде насихаттау мен идеологиялық шараларды ұйымдастыру барысында қолдануға болады. Күнтізбенің басты ерекшелігі оның  ұлттық тарих пен салт-дәстүрмен терең үндесіп жатқанында» — дейді. Осы уақыт аралығында Қазақ күнтізбесіне сәйкес ондаған шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Айта кету керек, 2012 жылы жұмысын бастаған кітаптар сериясы осы уақытқа дейін ұлт құндылықтарын насихаттауға бағытталған барлығы 30 жобаны іске асырды. Қазақ күнтізбесі осындай жобалардың бірегейі болып табылады.

Қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтау мен

насихаттауға бағытталған

 

ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІ

 10 қаңтар – Қазақ әдебиеті күні

(Бұл күні 1915 жылы қазақтың дарынды жазушысы Ілияс Есенберлин дүниеге келді.  Ілияс Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде елдің тұтас тарихын тарихы туралы кітап болмаған. Оның кітаптары моңғол дәуіріне дейін Ұлы Дала көшпенділері, Шыңғысхан мен Алтын Орда дәуірі, XV – XVI ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуы, оның көптеген жылдар бойы жоңғарлармен шайқастары, қазақ даласының Ресейге қосылған заманы туралы сыр шертеді.)

1 ақпан — Ұлт денсаулығы күні

2 ақпан – Қазақ баспасөзі күні (Бұл күні 1913 жылғы 2 ақпанда Алаш қайраткерлерінің бастамасымен «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді)

15 ақпан — Ұлттық тарих күні және Тарихи жадыны жаңғырту күні (бұл күні 1915 жылы қазақтың дарынды тарихшысы Е.Бекмахан дүниеге келді)

27 ақпан — Салт-дәстүр күні

14 наурыз — Көрісу күні,Амал мерекесі

22 наурыз – Әз Наурыз

1 сәуір — Қазақ өнері күні (бұл күні 1925 жылы қазақтың дарынды дирижері Н.Тілендиев туған),

9 сәуір – Ұлттық тағамдар күні

12 сәуір – Қазақ ғалымдары күні (бұл күні 1899 жылы қазақ ғалымы Қаныш Сәтбай туған)

15 сәуір – Ғашықтар күні, Селт еткізер – Кестелі орамал күні

24 сәуір — Ұлт қайраткерлері күні  (бұл күні 1883 жылы қоғам қайраткері Х.Досмұхамед туған),

15 мамыр — Аяулы қазақ қыздары күні (бұл күні 1922 жылы қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспан туған),

22 мамыр — Қымызмұрындық мерекесі,

13 маусым — Қазақ халқы күні (бұл күні 1911 жылы Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылды),

25 маусым – Шаңырақ көтеру және Қазақ отбасы күні

30 маусым — Қазақ құрылтайы күні  (Бұрынғы уақытта құрылтайда елдік мәселелер қарастырылатын болған. Мысалы 1206 жылғы құрылтайда Шыңғыс Есугейұлы ұлы хан болып тағайындалды. Ал 1726 жылы Ордабасыдағы құрылтайда қазақтар жоңғар басқыншыларына қарсы бірлескен күрес жүргізу туралы шешім қабылдап, Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды.)

15 шілде  — Ұлы Асар күні

27 шілде — Бабалар күні

7 тамыз — Ұлттық ойындар күні,

24-26 тамыз -Туған жер күні (бұл күні 1920 жылы Ә.Ермек, Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алды)

9 қыркүйек — Алаш ұраны күні

15 қыркүйек- Ел бірлігі және Қазақ мемлекеттілігі қалпына келтірілген күн.

1841 жылдың қыркүйек айында қазақтың үш жүзінің атынан жиналған ықпалды билер мен сұлтандар  Кенесары Қасымұлын ата салт бойынша ақ киізге салып көтеріп, бүкіл қазақ халқына билігі жүретін хан етіп сайлады. Осылайша, Қазақ хандығы қайта құрылып, қазақ мемлекеттілігі қайтадан қалпына келтірілді.

2 қазан — Қазақ ғарышкерлері күні  (бұл күні 1991 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкір ғарышқа ұшты.)

7 қазан – Мемлекеттік тіл күні  (Бұл күні 1907 жылы қазақ тіл білімі саласының көрнекті ғалымы М.Балақай дүниеге келді. )

15 қазан – Азаматтық лирика күні (Бұл күні 1894 жылы қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллин туған, Азаматтық лирика — лирикалық поэзияның әлеуметтік мәселелерді қозғайтын үлкен бір саласы.

19 қазан – Қазақ жігіттері күні (Бұл күні 1924 жылы батыр Рақымжан Қошқарбай туған)

1 қараша — Сыртқы және ішкі теріс әсерлерді алдын алу күні

15 қараша – Батырлар күні  (Бұл күні 1915 жылы  Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин туған)

25 қараша — Түркі дүниесі күні

(1891 жылы 25 қараша күні Түркі жазуының құпиясы ашылды.)

7 желтоқсан —  Ақсақалдар және бата беру күні

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні

18 желтоқсан — Тәуелсіздік үшін күрескен ұлт қайраткерлерін еске алу күні.)