Өлкетану – елжандылық өзегі
Тарихымызға тағзым да, Тәуелсіз мемлекетімізге сенім де – «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымның ішінде. Бұл ретте жас ұрпаққа бабалардан мирас болған ұлы мұраны көрсетіп, оны қастерлей білуге үйрету – парасатты парыз. Осы ұстанымды басшылыққа алған аудандық білім бөлімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Туған өлке сырлары» педагогикалық жобасымен «Ұлт ұясы – Ұлытау» атты экспедиция ұйымдастырды.
Мұндағы мақсат – жасөспірімдерді патриотизмге тәрбиелеу, туған жерге, өлкеге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Экспедицияға өлкетану бағыты бойынша аудандық деңгейдегі іс-шараларға белсене қатысқан оқушылар мектептерден іріктеліп алынды. Оның құрамында 10 оқушы, 5 мұғалім бар. Оларды 2 маусым күні Ұлытау төрінен аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков және аудан жұртшылығының өкілдері сәт сапар тілеп, шығарып салды.
Экспедиция әуелі Теректі әулиеге атбасын бұрып, содан кейін Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кешеніне, Байқоңыр ауылына, Басқамыр, Аяққамыр қалашықтарына, Махат сағанасы мен Кейкі үңгіріне саяхат жасайды. Жол-жөнекей Қарсақбай, Жезді музейлеріндегі жәдігерлерді тамашалап, өңір тарихымен танысады. Сапар барысында жергілікті тұрғындармен сұхбаттасып, өлкетану бағыты бойынша материалдар жинақтау да ойларында бар. Сондай-ақ, аудандық Оқушылар үйі жанындағы Ulytau media school үйірмесінің шығармашылық тобы «Ұлт ұясы – Ұлытау» тақырыбында деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр.
Сапар соңында көрнекті тарихи орындар – Алтыншоқы мен Хан Ордаға соғып, сәтін салса, 8 маусымда Ұлытауға оралады. Келешекте бұл экспедицияның жұмысы жасөспірімдер туризмі мен өлкетану үрдісінің өрістеуіне, туристік қызметтің жандануына ықпал етері сөзсіз.
Қайрат ЖҰМАБАЙ