Әлемнің әміршісі — еңбек

Неміс философы, «Коммунистік партияның Манифесті», «Капитал» сияқты ғылыми еңбектердің авторы Карл Маркс кезінде «Адамды адам еткен – еңбек» деген тұжырымдама жасап кеткен екен. Шынында, адамзат баласы алғашқы қауымдық құрылыс заманында-ақ еңбекпен айналыса бастағаны тарихтан аян. Күн көрісі үшін адамдар қауымдасып аң, балық аулаумен айналысып, от жағып, тамақ әзірлеуді меңгерген. Уақыт өте келе, тіршілікте еңбек етудің ауқымы кеңейіп, адамзат баласы еңбек етудің алуан түрін күнделікті тұрмыста пайдалануды жүзеге асырып отырған. Пайдалы еңбек адамзатты бүгінгідей күйге жеткізген екен.

Ал, қазіргі өмірді еңбексіз көз алдыңызға елестету мүмкін емес. Ғылым мен технологияның жетілген заманының өзінде, адам баласы пайдалы еңбекпен айналысуды тоқтатқан жоқ. Еңбектің қай түрін алсақ та, адам алақанының табын табамыз. Ұлтымыздың ұлы ойшылы, данышпан Абай еңбектің адам өміріндегі мән-маңызы жайлы «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық», «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген өз заманында. Сонымен қатар ұлы Абай:

Бес нәрсеге асық бол,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым, ойлап қой.

Бес асыл іс көнсеңіз – деп адал еңбекті адам өміріндегі асыл іске теңейді. Негізгі еңбексүйгіштік адам бойында балалық шақтан бастап қалыптасады. Баланы жасынан еңбекке баулу балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастау алып, баланың бейіміне, талабына қарай белгілі бір мамандық алуына ұласады.

Өзі жүрек қалауымен меңгерген мамандықты қастерлемейтін, құрмет тұтпайтын адам болмайды. «Еңбек ер атандырады» дегендей, еңбекті сүйген адам ғана оның жемісін көреді, нәтижесін сезінеді. Міне, адал еңбектің адам өміріндегі маңыздылығы да осында жатыр. Сондықтан да, еңбекке деген сүйіспеншілік, еңбеккерлерге деген құрмет пен қошемет қазіргі қоғамда жоғары деңгейде!

Еңбек күнін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы ресми түрде бекіткен болатын. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Еңбек күні, осымен сегізінші рет мерекеленіп отыр. Кеңес заманында «Мамыр. Бейбітшілік. Еңбек» деген ұранмен Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні болып, 1 мамырда мерекеленетін еді. Одақ тараған соң оның құрамындағы 15 одақтас республика әрқайсысы өз алдына бөлек мемлекет болып, өз Тәуелсіздіктерін жари ялаған. Қазақстан өз алдына егемен ел болғанына биыл 30 жыл толып отыр. Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы бірқатар мейрамдардың атаулары мен даталарына өзгертулер енгізді. 2013 жылдан бері берекелі күздің соңғы жексенбісі Еңбек күні болып белгіленді. Бұл күні ел экономикасын дамытуға, әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалының жақсаруына сүбелі үлес қосқан, халық шаруашылығының әр саласында еселі еңбек еткен еңбеккерлерге құрмет-қошемет көрсетіледі. Еңбек озаттарына марапаттар табысталып, сый-сияпат жасалады. Түрлі конкурстар, сайыстар ұйымдастырылады, концерттер өткізіледі. Қысқасы, «Еңбек күні мерекесі еңбекші халықтың көңіл күйін көтеріп, бойларын сергітуге бағытталуы тиіс. Өйткені еңбек – өмірдің ажырамас бөлігі! Еңбек бар жерде тіршілік бар, ал тіршілік бар жерде еңбек бар. Бұл төрткүл дүниеге қатысты қағида. Олай болса, «әлемнің әміршісі – еңбек» деп айтуымызға толық негіз бар!

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ