Құлахметовтар отбасы ІІ орынды иеленді
Өткен аптаның соңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мəреге жетті. «Байқоңыр» мейрамханасында байқау жеңімпаздарын марапаттау рəсімі өтті. Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған ұлттық байқау есте қаларлықтай болды.
Ырысы мен ынтымағы жарасып, бірлігімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды дəріптеу мақсатында өтіп келе жатқан ұлттық байқауға облысымыз бойынша он шақты отбасы қатысып, бақтарын сынаған еді. Қорытындысында Ұлытау ауданының намысын қорғаған Құлахметовтар отбасы ІІ жүлделі орынға ие болып, 200 000 теңгелік сертификатты қанжығаларына байлады.
Ал, байқаудың бірінші орны Жезқазған қаласынан қатысқан Доспановтар отбасына бұйырды. Аталмыш отбасы республикалық байқауға жолдама мен 300 000 теңгелік сертификатқа ие болды.
Орайы келгенде айта кетейік, Доспановтар отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде Ұлытау өңірінің намысын қорғамақ.
Байқау қорытындысы бойынша сондай-ақ, бірнеше отбасылар арнайы номинацияларға ие болды. Солардың қатарында да біздің жерлестеріміз бар. Атап айтқанда, Ерғалиевтер отбасы «Ұлағатты отбасы» номинациясын жеңіп алды.
Барлық қатысушыларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.