Әл-Фараби мен Абай үндестігі
Тәмам Түркі жұртының қарашаңырағы – қазақ топырағында әлемдік ғылымдардың негізін қалаған әмбебап ғұлама, энциклопедиялық түпнегіз жасаушы, астрология, физика, математика ғылымдарының атасы Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келіп, дүниетанымы қалыптаспағанда, Абайдай хакімнің тууы да дүдәмал екендігін көзіқарақты жұртқа түсіндіріп жатпаймыз. Екі ғұламаның арасында мыңжылдық уақыт белдеуі жатыр. Шығармашылықтарында үндестік аз емес.
Адамтану ілімінде әл-Фараби еңбектерінде жүректі адам денесіндегі басты тұлға, бастапқы кезеңдегі әмірші ретінде танумен қатар ақылды (миды) да басты тұлғаның қатарында айтады, бірақ, ми адам бойындағы бүкіл процеске басшылық еткенімен, жүрекке тәуелді, соның ырқына бағынышты деген тұжырым жасайды. Ол жай ғана тәуелді емес, ол жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыруға бейім тұратындығын айтқан. Гуманистік терең астар бар. Осы іспеттес танымның желісіндегі ой-пікірлер Абай шығармаларында да молынан ұшырасады:
«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
…Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса,
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?».
Абай Фарабидің барынша сығымдалған әдеби нұсқасы екендігін осы жерден аңғаруға болады. Оны хакімнің осы өлеңін оқи отырып, Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты ғылыми трактатындағы «Қуаттар мен бөлшектердің қалай жан болғандықтары туралы» бөлімімен салыстыруға болады. Және Абай Фарабидің бұл ойын былай дамыта түседі:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
…Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі…».
Абай – адамның өзін тануы жөніндегі ғылымға, яғни, адам жанының сырына кеңінен тоқталып, өз танымы тұрғысынан көптеген тың ойлар, жаңаша тұжырымдар айтқан дербес ойшыл ақын. Онда әл-Фарабиден басталатын адамның өзін тануы туралы ілімнің жүйеленуі бойынша, «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп салаланады да, осылардың арасынан адам жанының сырына байланысты ішкі-сыртқы сезім мүшелері жеке-жеке таратылады.
Адам денесінің патшасы жүрекке басты орын беріп, жүректің культін көтеріп отырған. Нақтылы да дәлелді деректерге сүйенсек, әл-Фараби: «Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болады, бұдан кейін ми. Жүрек-басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені, ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді», – деген көзқарасын байқатады. Ақыл-сананың орталығына айналатын мидың өзі жүректің бастапқы әрекетінен кеп туындайтын құбылыс болып шығады сонда.
Фарабидің жүрек жайындағы философиялық трактаты даярлығы мол, ұғым дәрежесі жоғары зиялылардың тобына арналғандықтан, ғылыми тілде жазылған. Абай: «Бір кісі емес, жазғаным жалпақ жұрт қой», – деп сөзін қалың көпшілікке арнағанын ескертеді. Бірақ сол көпшіліктің ұғым дәрежесіне көңілі толмаған. Сондықтан, тыңдаушыларының ой-өрісіне сай жеңіл етіп, философиялық-гуманистік негіздегі ойларын халық көкейіне қонарлықтай формада беруге ұмтылады. Осы себептен де, 17- ші қарасөзінде айтар ойын ақыл, қайрат, жүректің арасындағы диалогқа құрып, қарапайым қазақы дәстүрдің табиғатына сай айтыс түрінде келтіреді де, өзі айтуға ділгір болған пікірін көпшілік ұғымына оңай әрі түсінікті, жеңіл түрде жеткізудің өте ұрымтал тәсілін таба білген. Негізгі ойын ақыл, қайрат, жүректің өзара пікірталасына төреші ретінде сөйлейтін ғылымның атынан: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ – менің ісім» депті. «Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды… Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», – деп ежелден белгілі формада беретіні бар.
Хакімнің бұл пікірлері Фараби ой-тұжырымдарымен өзектесіп, өзгеше өрісте пішілгенімен, Абай танымының түп-төркіні әл-Фарабиде жатқандығы көрінеді. Фараби жүректі адам денесіндегі ең басты мүше деп таныса, Абайда «мен адам денесінің патшасымын» деп, тыңдаушысы тарапынан жеңіл қабылданатын бейнелі сөзбен түсіндірген. Ұлы ойшылдардың философиялық мазмұны біртектес болғанымен, түсіндірулері бөлек.
Фараби: «Жүрек – ішкі табиғи жылылықтың көзі. Басқа мүшелерге жылылық нақ осыдан тарайды, олар осыдан нәр алып отырады» – десе, Абай «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» немесе «жылытқан, тұла бойды ыстық жүрек» дейді. Мұндағы «нұрлы ақыл» деген сөз тіркесінің негізгі мағынасы Абайдың толық адам жөніндегі ұғымдарымен тұтасып жатқандықтан, ол ыстық жүректің ырқымен жүретін, тек қана рақым, шапағаттың дегенін іске асыратын гуманистік жолдағы ізгілікті ақылдың игілікті қызметін көрсетіп отыр.
«Аспан шырақтарының үздіксіз айналысы бойынша уақыт есептеледі» деді әл-Фараби. «Сол айналыстың әсерінен қыс пен жаз, күн мен түн алмасады» деді Абай. Мұны еске алудағы мақсат – аспан шырақтары адам баласының барлық білім-ғылымының басы және аяғы болып табылатындығы. Сол себептен, Жер мен Көктің арақатынасын айыру – барлық білімнің мықты қазығы болмақ. Осы сырды ертеде түсінген бабаларымыз Аспанның айналыс кіндігін «темірқазық» атапты. Бұл – нағыз ғылыми дәлдікпен айтылған сөз. Оны бабаларымыз қалай ашқан? Қашан? Қазір осы сұрақтың қойылуы зор игі іс деп білу керек. Өйткені, мәселені шешудің басы сол сұрақ қоюдан басталмақ.
Әл-Фараби ертедегі ежелгі ғылыми табыстарды қабылдап, грек ғалымдарынан үлгі алып, олардың ғылымын дамытқан, сол үшін ол екінші ұстаз атанғаны мәлім. Әл-Фарабидің екінші ұстаз аталудағы ныспының мағынасы исламнан бұрынғы ғылымдардың табыстарын қабылдау, соны үйрену, үйрету және ары қарай дамыту. Ол Сократтың, Платонның, Аристотельдің барлық ғылыми салаларын, математикасын, физикасын, музыкасын, философиясын, логикасын жоғары сатыға көтерді. Фарабидің бұл сияқты батыл жаңалық, ғылыми табыстарын жақтаушы ғалымдар әлем бойынша көптеп саналады.
Енді Әбу Насыр әл-Фарабидің артына қалдырған мол мұраларының ішінен мына бір жазбасына тоқталсақ, Ұстаз адамдарды Қайырымдылық пен Өшпенділіктің ара-жігін толық ажырата білуге үгіттеді. Өшпенділік жайлаған жерде береке де, бірлік те бола алмайды, қоғам ыдырайды. Демек, Қайырым – жинақтаушы күш! Сол себепті де, Әбу Насыр «Қайырымды қаланың тұрғындары» жайлы трактат жазуға аса ықыласты болған. Бұл еңбекте ең алдымен Білімділік, Қайырымдылық және Әдемілік бірлігін сақтауға шақырды. Осы үш қасиет адамды биік етіп көрсетпек. Осындай бірлік қана Қайырымды қалаға негіз қаламақшы. Сондықтан да әл-Фараби жазды: «Егер адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол созып, көмектесетін болса, жер бетінде қайырымдылық сезімі қанат жаяды!». Бұл жолда ол кез келген адамның білімі мен білігіне табан тіреп, соны барынша көтермелеп бағалауға үндеді. Сосын да «барлық нәрсені адамның ақыл-ойы ғана шеше алады» деген сөзді баса айтумен болған. Қандай да бір іс болмасын, ол «адамның жаратылыс – болмысынан, тәлім – тәрбиесінен» бастау алып жататынын шегелей айтумен болған. Осыдан барып, ғұлама ғалым қайырымды да ақылды қалада өмір сүруге қол жеткізу – барлық адамдардың мінез-құлқы мен ақыл-парасатына келіп тірелетінін жан-жақты түсіндіріп бақты.
Мұнан мың жыл кейін Абайдың: «Біріңді қазақ, бірін дос, көрмесең істің бәрі бос» немесе «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» дейтін уағызды ойы мен сөзі – әл-Фарабиден жалғасқан алтын желі.
Фарабидің ғылыми дәлдікке құрылған ізгі ойларын мың жыл өткенде хакім Абай қайта жаңғыртып, дамыта білген.
Жалпы түркі әлеміндегі, шығыс мәдениетіндегі қос алып – Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланыс, дәстүр жалғастығы өзінің тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Былтырғы жылы осынау екі ғұламаның мерейтойлары қатар аталып өткені – кездейсоқ емес.
Ел Тәуелсіздігінің тамыры тереңдей түсуі үшін осы бабаларымыздың мол мұрасынан үлгі-өнеге ала білсек, қандай ғанибет!
Ғайни РАХМЕТОВА,
Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
(Арнайы «Ұлытау» газеті үшін).