КОРОНАВИРУС: әлемдегі ахуал қандай?

Әлемді жаулаған індетпен бүкіл адамзат күрес жүргізіп жатыр. Коронавирус инфекциясына қарсы жасалып жатқан іс-шаралар мен вакцина алу жөнінде өзге мемлекеттердің тәжірибесін бақылап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Қырғызстан коронавирусқа қарсы вакцина алған туристерді қабылдауға дайын. Канада аталмыш індетке қарсы бірнеше вакцинаны араластырып қолдануға рұқсат берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Канадада COVID-19-ға қарсы вакциналарды араластыра қолдану мақұлданды. Елдің Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комитетінің хабарлауынша, AstraZeneca вакцинасының алғашқы компонентін салдырған азаматтар екпенің екінші дозасы ретінде осы препаратты немесе Moderna және Pfizer екпелерін қабылдай алады. Егер бірінші екпе Moderna немесе Pfizer препаратымен жасалса, екінші компонент тек осы екі компанияның препараттарымен жасалуы қажет. Бұл ұсыныстар Испания мен Ұлыбританияда жүргізілген жаңа зерттеулерге негізделген. Зерттеу нәтижелері AstraZeneca және Pfizer вакциналарын араластыру COVID-19-дың алдын алу үшін қауіпсіз және тиімді екендігін көрсетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Тереза Тэмның айтуынша, мұндай шешім тарихта алғаш рет қабылданып жатқан жоқ. Ол бұрын мұндай шараның әртүрлі вакциналарға, соның ішінде тұмау мен А гепатитіне қарсы екпелерге қолданылғанын атап өтті.

Перу билігі коронавирустан болатын өлім-жітім статистикасын қайта қараған. Солай, көрсеткіш 2,5 есе артқан. Бұл статистикамен Перу коронавирус инфекциясынан жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Ел премьер-министрі Виолета Бермудестің мәлімдеуінше, көрсеткіштер Перу және халықаралық сарапшылардың ұсынысы бойынша қайта қаралып, онда елдегі артық өлім жағдайлары ескерілді. Жаңа мәліметтерге сәйкес, Перуде пандемия басталғаннан бері 180 764 адам қайтыс болған. Ескі есеп бойынша бұл көрсеткіш 69,3 мың адам еді.

Германияның әрбір екінші тұрғыны пандемия аяқталғаннан кейін бетперде киюді жалғастырғысы келеді. Civey социологиялық институты жариялаған сауалнаманың нәтижелері міне, осындай. Институттың деректеріне қарағанда, бұл көрсеткіш 44,7% жетеді. Респонденттердің 41,9% алдағы уақытта аталмыш қорғаныс құралынан бас тартуды жоспарлап отыр. Сауалнамаға қатысушылардың қалған бөлігі өз таңдауын әлі жасаған жоқ.

Қырғызстан коронавирусқа қарсы егілген шетелдік туристерді қабылдауға дайын. Бұл туралы Қырғызстанның Экономика және қаржы министрлігі жанындағы туризм департаменті директорының орынбасары Кыял Кенжематова хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елдің туризм департаменті коронавирус пандемиясынан кейін Қырғызстандағы туризм саласын дамытуға бағытталған алгоритмді әзірледі. Ол шетелдік туристердің санитарлық нормаларды міндетті сақтауын көздейді. Сондай-ақ, құжатта туристер Қырғызстанға коронавирусқа қарсы екпені алған жағдайда келе алатындығы көрсетілген. Қазіргі уақытта аталмыш алгоритм Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігінің қарауында жатыр.

(Ғаламтор материалдары негізінде әзірленді).