Конституция күні аталып өтті

Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толуына орай, ұлт ұясы – Ұлытауда «Азат елдің ар-намысы – Ата Заң» атты салтанатты жиын өтті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен жиында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап өткен егемендік мәртебесі асқақтап, Отанымыздың құқықтық, дербес, демократиялық мемлекет ретінде әлемге танытып отырған Ата Заңымыздың қадір-қасиеті кеңінен баяндалды. Алдымен, Мемлекеттік Ту, Елтаңба салтанатты түрде әкелініп, айбынды Әнұранымыз шырқалды.

Бұдан кейін мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Аманжол Мырзабеков құттықтады.
– Бүгін 30 жылдық ғұмыры бар Қазақстан Республикасының Конституция күні. Біздің Ата Заңымыз – Тәуелсіз еліміздің басты құжаты, мемлекетіміздің жүрегі. Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы күнімен құттықтаймын.
Бүгінгі Конституциямыз Тәуелсіз Қазақстанымыздың алтын тірегі болып отыр. Соның арқасында біз бірлігі бекем халыққа айналып отырмыз. Ата Заңды құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Сондықтан, Ата Заңымызды ардақтау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті мен асыл парызы, – деді аудан басшысы.
Айтулы күн аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар түрлі марапатқа ие болды. Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық жұмыстары жөніндегі бөлім басшысы Қанатбек Бапов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Шымбергенов марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хатына аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу саласындағы орынбасары Иса Досанов, аудан әкімінің көмекшісі Жомарт Асанәлі, Жезді кенті әкімі аппаратының бас маманы Қайрат Әлсейт иеленді. Сонымен қатар, Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен аудандық білім бөлімінің кадр ісі жөніндегі әдіскері Ерлан Малдыбаев, Аманкелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Камал Қабиева, аудандық көп салалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорынның инженері Ерболат Смағұлов марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатына аудан прокуратурасының аға прокуроры Нұрдәулет Күнділдә, Қарсақбай кенті әкім аппаратының бас маманы Медет Жабағинов, аудандық полиция бөлімінің кеңсе тобы жетекшісі Қарлыға Төлеш ие болды.
Марапаттау рәсімі одан кейін де жалғасып, бір топ полиция қызметкерлері құрмет биігінен көрінді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің II дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен полиция аға лейтенанты Айдос Сартаев марапатталды. Сол сияқты III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальді полиция майоры Темірлан Үмбет пен полиция капитаны Нұрбол Ақбергенов те алды. Сонымен бірге, Ішкі істер органдарының 2025 жылға арналған «Заң мен тәртіп» қағидатын ақпараттық тұрғыда жариялау бойынша медиа–жоспарды орындау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларына белсенді қатысқаны және ішкі істер органдарының оң имиджін нығайтуға қосқан үлесі үшін Тоғжан Досановаға облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайыркен Жетпісбайұлының Алғыс хаты берілді.
Осы жиында мемлекеттік қызмет қатарына жаңа келген мамандар Мадияр Бейсалы, Ақберен Әбдірасилова салтанатты түрде ант қабылдап, қызметте адалдықты ту етерін жеткізді. Сонымен… Конституция күніне арналған шарада ұлытаулықтардың еңбегі еленіп, лайықты құрмет көрсетілді. Мерекелік салтанат соңы сазды бағдарламамен түйінделді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.