Коммуналдық меншік. Мал ұрлығы. Ауыз су мәселесі кеңейтілген аппарат жиынының негізгі тақырыбы болды
Аптаның басында Ұлытау ауданы əкімінің міндетін атқарушы Мақсұт ОСПАНОВТЫҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат мəжілісі өтті. Оған аудандық мəслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, əкім орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары қатысты. Мəжіліске кент, ауыл əкімдері ZOOM платформасы арқылы онлайн түрінде қосылды.
Кеңейтілген аппарат жиынында аудандағы коммуналдық меншіктер туралы аудандық экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин, аудан бойынша мал ұрлығының алдын алу жəне автомобиль жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Қонысов, жылу беру маусымы жəне Ұлытау селосындағы ауызсу құбырын ауыстыру жұмыстары бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бақтияр Пардабеков хабарлама жасады.
Аппарат отырысында Мақсұт Сəрсембайұлы күн тəртібіндегі мəселелерге қатысты қадау-қадау міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, аудандық полиция бөлімі кент, ауыл əкімдерімен бірлесе жұмыстарды ұйымдастыруды, бей-берекет жүрген мал иелеріне айыппұл салу жұмыстарын ширатуды тапсырды. Осы мəселеге қатысты автокөлік жүретін жол бойында орналасқан шаруа қожалық иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін де айтты.
Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық, аудан орталығындағы ауызсу құбырын жаңғыртуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс барысы да пысықталды.
Кеңейтілген отырыстың күн тəртібінде басқа да өзекті мəселелер қаралып, жан-жақты талқыланды.