Колледждердің дайындығын бақылады

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласындағы колледждердің жаңа оқу жылы қарсаңындағы дайындығын тексерді. Өңір басшысы алдымен Жезқазған музыкалық колледжі ғимаратында болды.

Нысан қазіргі уақытта күрделі жөндеуді талап етіп тұр, ол үшін биыл техникалық сараптамадан өтіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмысы басталды. Сонымен қатар колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың маусымында қатты желдің әсерінен нысанның шатыры ұшып кеткен болатын, қазіргі уақытта ғимарат шатырын жөндеу үшін облыстық резервтен 51 642 600 теңге көлемінде қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес конкурс жарияланды.

Берік Әбдіғалиұлы келесі кезекте Жезқазған гуманитарлық колледжінің жатақханасындағы ағымдық жөндеу жұмыстарын бақылады. Білім беру ғимаратында 60 млн.теңгеге ішкі әрлеу жұмыстары, ғимараттың қасбетін жаңарту, жертөлесін жөндеу, балкондарын ауыстыру сынды жұмыстар жоспарланған.
Қазіргі уақытта аталған барлық жұмыс аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, аяқталу мерзімі 20 тамыз.

Сонымен қатар биыл колледж жатақханасы жаңа жиhаздармен, тұрмыстық техникалармен толықтырылады.

Жөндеу жұмыстарын қараған облыс әкімі өз кезегінде қалалық әкімдікке білім беру ғимаратына бастайтын жолға асфальт төсеу, баспалдақ салу жолдарын қарастыруды тапсырды. Одан бөлек атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарын кестедегі уақытына сай аяқтау қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының білім басқармасына «Жезқазған гуманитарлық колледжі» КМҚК-не спорт зал салу үшін ғимараттың қасынан бос жер қарастыруды, ол табылмаған жағдайда басқа ұсыныстар беруді тапсырды.