Клубтың қоршауы жаңартылды
Таяу жылдары ғана жаңаша кейіпке енген ауыл клубының қоршауы оның сəнін кетіріп тұратын еді. Əбден тозығы жеткен ағаш шарбақты ауыстырудың реті келмей жүретін…
Жуырда бұл шаруа да оңынан шешілді. Аудандық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі қажетті қаржыны бөліп, оны «Маргенец» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алды. Сөйтіп, сəулеті жаңғырған клубқа жаңаша үлгіде жасалған қоршау да сəн бере түсті.
– Қоршау талапқа сай жасалынды. Əуелі оның төменгі жағы іргетас іспетті айнала құйылып, оған арнаулы бағандар орнатылды. Сол бағандарға темірден əрленіп жасалған əдемі шартақтар дəнекерленіп, сырланды. Бұл қоршау біраз жылдарға шыдас береді деп ойлаймыз, – дейді Сарысу ауылдық округінің əкімі Сəтжан Құрманбаев.
Оның айтуынша, қоршаудың құрылысына ауылдың «КамАЗ» машинасы мен тиегіш техникасы бар азаматтары да тартылып, құм, қиыршық тас тасып, айлық алған екен. Осылайша маусымдық жұмыс жұмыссыз азаматтардың нəпақа табуына де себепкер болыпты.