Кітап оқымау – ұлттың қасіреті

«Кітап ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Əлішер НАУАИ. Осы сынды кітап туралы бірнеше құнды пікірлерді біз барлығымыз жақсы білеміз. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технология шықса да, бұлардың бəрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық. Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызықты өткізу ғана емес, сонымен қатар, тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Адамдар барлық жинақтаған білімін жаңа ұрпаққа кітап арқылы таратады. Олар əр адамның өміріне енген заңдылық десе болады.

Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені жəне өзін-өзі тануға көмектеседі. Оқу арқылы өткен тарихыңды, болашағыңды біле аласың. Есте сақтау қабілетін жəне логикалық ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Көңіл-күйің болмаса да, кітап оқу бір сəт жабырқаудан арылтады, тіпті уайымыңды басады. Талдауға, сараптауға, пікір қалыптастыруға үйретеді. Ми үшін кітап оқу – бұл да денеге жасалған физикалық жаттығу есебі. Кітап оқу – табыс пен жетістіктің ең басты негізі. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, əдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады, сөздік қоры көбейе түседі. Сауаттылық деңгейін арттырады.

Көпшілік қазір кітап оқымайды деп кесіп айту қате пікір деп есептеймін. Кітап оқитын жандар бар, тек біздің елде халықты кітап оқуға тарту, жарнамалау, яғни маркетинг бір ізге қойылмаған. Орыстың белгілі заманауи жазушысы Дария Донцованың 200-ге жуық романы бар екен. Шығармалардың басым бөлігі криминалдық сюжетке құралған. Қазіргі уақытта ол ең өтімді кітап авторы жəне бай жазушылардың қатарына енген. Осылай кітап жазуды бизнеске айналдырған. Мұндай тəжірибе бізде де бар. Бірақ əлі даму үстінде.

Кітап бизнесі кенже дамып келе жатқан салалардың бірі. Бұлай болуына əсер ететін бірнеше мысалдарды атап өткім келеді. Кітаптың мұқабасы кітап сату ісінде ерекше орын алады. Мұқабаның көзтартарлық болуы оқырманның қызығушылығын оятатын бірінші фактор. Біздің еліміздегі ірі кітап дүкендерінің сатушысы «бізге келіп түсетін қазақ тіліндегі кітаптар саны аз, əрі мұқабалары бір-біріне қатты ұқсайды» деген еді сөзге тартқанымда. Кітап кəсібінің алға жүрмеуіндегі тағы бір себеп – өтімді тақырыптардың жазылмауында деп ойлаймын. Бүгінде жастар фантастикалық, криминалдық бағытта жазылған кітаптарға қызығатын болған. Өкінішке қарай, біздің қазақ кітап əлемінде бұл тақырыптардағы кітаптар жоқтың қасы. Сонымен қатар, бізде кітапқа жарнама жасалмайды. Жарнамасы жоқ дүние көптің көзіне түсуі де қиын. Бір ағылшын жазушысы өз кітабын өткізу үшін: «Миллиардер – «пəлен» деген кітаптағы кейіпкер қыздың образына ұқсас қызды іздейді» – деген жалған ақпарат таратады. Аз уақыт ішінде автордың барлық кітабы сатылып кеткен. Біз жазған дүниемізді өткізе де білуіміз керек.

Ақын Иосиф Бродский: «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті», – деген екен. Шекспир айтпақшы, кітап маған тақтан да артық. Менің ойымша, келешекте жас ұрпақты тəрбиелейтін бірден-бір құрал – кітап. Мектептерде балаларды апталық, айлық арнайы кесте бойынша қазақ ертегілерін, ұлттық дəстүр, тарихымызды дəріптейтін кітаптарды оқуға міндеттесе деген ұсыныс айтқым келеді. Сонда балаларды міндеттеу арқылы, мүмкін олардың кітапқа деген махаббатын оята алармыз. Əйтпесе, қазір балаларды смартфон тəрбиелеп жатыр. Еліміздегі кітап кəсібі бір ізге қойылып, кітапқұмарлардың қатары көбейеді деп сенемін.

Құралай ТӨРЕБАЙ,

Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің 4-курс студенті.