ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ: күнгей мен көлеңке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында биыл ауылдар, ауылдық округтер, кенттер мен аудандық маңыздағы қалалар әкімдерінің сайлауы өтетінін айтқан болатын. Бұл саяси шара осы жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр. Жуырда орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік ИМАШЕВТІ қабылдаған Президент сайлауға дайындық жайын сұрады. Карантин шектеулері кезінде өтетін сайлаудың қауіпсіздік мәселесін қаузап, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен, елде тағы бір сайлау өтетін болды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтпақшы, бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болады-ау шамасы. Елдің әлеужелідегі екіұдай әңгімесі осындай ойға жетелейді. Қандай әңгіме дейсіз ғой…

Ел не дейді?

VII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан, алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады. Алайда, мұнымен де шектеліп қалмауымыз керек», – деді.

Өте орынды әңгіме. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Бұған дейін елді мекендердің басшылары тікелей дауыс беру арқылы сайланбағаны белгілі. Жаңа бастама қалай болмақ? Осыған қатысты заң жобасын қабылдағанда нені ескеру керек? Міне, әңгіме осы сауалдарға келгенде ел екіге жарылды. Жоғарыда «елдің екіұдай пікірі» дегеніміз осы. Ол қандай пікірлер?..

Бір топ жыл басында өткен депутаттарды партиялық тізім бойынша сайлау елдегі саяси мәдениеттің көтерілуіне ықпал етті. Халық жекелеген тұлғалардың емес, озық идеялардың маңына шоғырлануға үйренеді. Бұл партиялық жүйенің, жалпы азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Сондықтан ауыл әкімдеріне үміткерлерді де партиялық тізім арқылы ұсыну қажет деп есептейді.

Екінші тарап бұған үзілді-кесілді қарсы. Олар мұндай жүйе жекелеген белсенді азаматтарды өзін-өзі депутаттыққа ұсыну құқығынан айырғанын алға тартады. Тұрғындар партияларға дауыс бергенімен, партияның басшылық органдары кімдерді депутаттыққа жіберетінін өздері шешеді, бұл дұрыс емес деп отыр.

Қоғамдық пікір тап осылай екіге жарылып тұрған тұста оған жершілдік пен рушылдық деген қанға сіңісті «ежелгі таныс» та келіп қосылары жасырын емес…

Жә. «Шегірткеден қорыққан, егін екпейді» деген диқан ағайындардың қағидатына жүгінсек, сайлау өтеді. Енді сол сайлау қалай өтеді? Онда нені ескеруіміз керек? – деген сауалдар төңірегінде ойланғанымыз жөн.

Тәжірибе не дейді?

Әкімдерді сайлау бүгін ғана пайда болған жүйе емес. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Ғаламтордағы деректерге назар аударсақ, мұндай саяси дода 2013 жылы басталған екен. Төрт жылдан кейін 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтер құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланыпты. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сүйенсек, сол кездегі науқанда ауыл әкіміне 4 059 кандидат ұсынылып, олардың 3 951-і тіркеуден өтіп, 1 416 ауыл әкімі сайланған.

Жалпы, дамыған елдерде мұндай тәсіл бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та губернаторлар, қала мэрлерінен бөлек, елді мекендердің басшыларын дауыс беру арқылы анықтайды. Тіпті мұхиттың арғы бетінде жергілікті үндіс тайпаларының көсемдері де сайлау арқылы анықталады екен. Жаңа Зеландияда да аймақтар мен ауылдар әкімдерін тұрғындар сайлайды. Ендеше, әкімдер сайлауына үрке қараудың қажеті жоқ.

Түпкі мақсат не?

Баршаға белгілі, бүгінгі күнге дейін әкімдерді тікелей тұрғындар емес, мәслихат депутаттары сайлады. Ал, әкімдікке кандидаттарды одан жоғары тұрған әкімдер, яғни, аудан әкімдері ұсынатын еді. Айналып келгенде, сайланды деген аты болмаса, іс жүзінде мұндай сайлаудың тағайындаудан айырмашылығы шамалы болатын. Осының бәрін ескерген саяси сарапшылар сол кездегі әкімдердің сайлауын «демократияның декорациясы» деп атағанды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы сайлаудың өзгеше болатынын, яғни, тұрғындар әкімді тікелей және төте дауыс беру арқылы сайлайтынын айтып отыр. «Қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет» – деді Президент.

Айналып келгенде, әкімдерді сайлаудағы түпкі мақсат – билікті орталықсыздандыру, тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге ықпалын күшейту.

Не нәрселер ескерілуі керек?

Әлеужелідегі елдің әңгімесінің беталысына қарағанда көпшілік Мемлекет басшысының бұл ұсынысын қолдап отыр. Бірақ, осы саяси додаға әзірлік барысында көптеген мәселелерді ескеру қажеттігін де алға тартуда. Соның бірі – үміткерлерді ұсыну.

Қисынға салсақ, үміткер өзіне дауыс берген ортаға тәуелді болуы керек. Егер оның кандидатурасын партиялар ұсынса, әкімдер тұрғындарға ғана емес, партия жетекшілері мен өзінен жоғары тұрған басшыларға да жалтақтап қалады. Екі жақтың да көңілінен шығу үшін «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деп жүргенде сайланған әкімнің кесімді уақытта тындырымды тірлік атқара қоюы екіталай. Ендеше әкім лауазымына үміткер екі оттың ортасында қалмайтындай тұрғыда сайланатын жол ойластырылуы керек. Демек, тек партиялық тізім бойынша емес, өзінөзі ұсыну жүйесі де болғаны жөн. Арғысын халық өзі таңдайды.

Қандай әкім қажет?

Иә, елге қандай әкім қажет? Қалтасында қос-қос дипломы бар, сөзге шешен, бірақ, шаруашылықтан хабары аз, кеңесшінің көмегімен жұмыс істейтін адам ба, әлде арнаулы орта білімі болса да жұмысына мығым, шаруашылық жүргізу тетігін жетік білетін жан ба?

Жұртшылықтың талқысында жүрген тақырыптың бірі – осы. «Әкім бол – халқыңа жақын бол». Үміткер үшін ең басты қағида осы болуы керек. «Олардың жоғары білімді немесе көрнекті саясаткер болуы шарт емес. Жергілікті мәселелерді жетік білетін, тұрғындарға етене таныс, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуге әзір адамдар ауылды азып-тоздырмайды» – дейді ел.

Сондай-ақ, «мемлекеттік қызметте пәлен жыл еңбек өтілі болуы шарт» деген талап қою да қисынсыз. Өйткені, мемлекеттік мекемеде бір күн де жұмыс істемеген, есесіне шаруашылықпен немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген өте іскер азаматтар бар. Сондай азаматтар әкім болып сайланса, елді мекендердің көркейіп, гүлденіп шыға келгеніне куә боламыз» дегенді де айтып отыр.

«Ақшаң болса қалтаңда…»

Сонымен, әкім сайланды делік. Ол одан ары қарай қалай жұмыс істеуі керек. Рас, әнебір жылдағыдай емес, қазір ауыл әкімдіктерінің азғантай болса да қаржы қоржыны бар. «Мен бәрін қатырамын» деп елге уәдесін үйіп-төгіп берген әкім сол уәде үрдісінен осы аз ғана ақшамен шыға ала ма? Бұл да елдің талқысында жүрген әңгіме.

Негізінде, елімізде төртінші деңгейлі бюджет енгізілгелі бірнеше жыл болды. Яғни, ауыл округтері мен кенттердің өздерінің шағын бюджеті бар. Бірақ, ондағы болмашы қаржы жергілікті тұрғындарды мазалайтын күрделі проблемаларды шешуге жеткіліксіз. Ол үшін ауыл әкімдерінің дербес бюджеті болуы шарт. Келешекте жер, мүлік, көлік салықтары мен әкімшілік айыппұлдардан түсетін азғантай қаржы ғана емес, тұрғындардың жеке табыс салығы, сол ауылдық округ аумағындағы іргелі кәсіпорындардың жер, мүлік салығы сол ауылдың қаржы қоржынына түсуі керек. Мұның сыртында жоғары тұрған бюджеттерден бөлінетін трансферттер мен субвенциялардың минималды шегі де заңмен белгіленуі қажет. Сонда ғана ауыл ажарланып, әкімнің жұмысы жанданады.

Түйін

Марқұм Бейсен Құранбекше айтсақ – айтуға оңай. Ал, іс жүзіне келгенде алдымызда қыруар жұмыс тұр. Аз ғана уақытта соның бәрін жолға қойып үлгереміз бе?…

Түптеп келгенде, Президенттің ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы – өте дұрыс шешім. Бұл қадам тұрғындардың еліміздегі саяси үдерістерге белсене араласып, мемлекеттің дамуына үлес қосуына септігін тигізбек. Ауыл әкімін тағайындау сөзсіз демократиялық өзгеріске жол ашады. Халық өзіне ұнаған үміткерге дауыс береді. Осы ретте елді мекеннің ерекшелігі мен ішкі ахуалынан хабардар адам сайланып жатса, тіпті, құба-құп.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы үлкен өзгерістің іргетасын қалап берді. Бастысы, сең қозғалды. Ендігі мәселе – қоғамның талап-тілегін ескере отырып, жанжақты талдау жасап, алдағы қабылданатын заң жобасын тыңғылықты әзірлеу. Бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа. Десек те, күнгейі мен көлеңкесі алмағайып күйдегі істе ақ жолды, нақ жолды таңдауға талпынған жөн.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ