Әкім қызметіне – жоғары баға

Аманкелді ауылдық округі әкімі Ноян ЖЕҢСІКБАЕВТЫҢ жыл қорытындысы бойынша тұрғындармен есепті кездесуі екіжақты терең түсіністік ахуалы орныққан, жаймашуақ жағдайда өтті. Оның негізінде, әрине, ауыл әкімі мен оның аппаратының жүйелі жұмысы мен тындырымды еңбегі жатқаны анық. Есеп беру кездесуіне аудан әкімінің орынбасары Мақсұт ОСПАНОВ қатысты.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес, баяндама жасаған ауыл басшысы атқарылған іс пен олардың тиімді нәтижесі, алдағы жоспарлы әрі кешенді шаралар тізбегі туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

Бұл ауылда ауыз толтырып айтар істер жетіп артылады. Мәселен, орталықтағы «Жастар» саябағына «Қатысу бюджеті» арқылы абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Саябақ ішінде жарық беру шамдары орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған. Бұл жер өткен жылдың жаз маусымында ашылып, ауыл тұрғындарының серуен құрып, демалатын сүйікті орнына айналып үлгеріпті. Ауызсу желісі құбыры жөнделіп, тұрғындарға су тұрақты берілуде. Балалар ойын алаңы да уақыт талабына сай ретке келтірілген. Көше шамдары жарқырап тұр. Аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы қайтарымсыз грантын жеңіп алған ауыл тұрғыны Бейбарыс Сәрсен шағын қонақ үй ашып қойған. Бұл осы өңірге атбасын бұратын туристер мен басқа да қонақтар ұшін қолайлы болары күмәнсіз. Ауыл халқы «Билайн» ұялы байланыс қызметінің игілігін көріп отыр. Жеке үйлерге интернет желісі тартылған. Міне, осындай шаруаларды тізбелей берсе, жуыр маңда таусыла қоймасы анық. Қысқасы, атқарылған жұмыстар – ауқымды. Соның бәрі – тұрғындар сұранысын өтеген әрекеттер.

Биылғы жылы атқарылуы межеленген жұмыс көлемі де аз емес. Соның ішінде, №3 Аманкелді орта мектебі мен клуб үйі күрделі жөндеуден өтетін болады. Көше ішіндегі жолдарға асфальт төселіп, арнаулы жол белгілері қойылмақшы. Сонымен қатар, «Ұлытау-Сарлық» бағытындағы былтыр қамтылмай қалған 10 шақырым көлік жолы жаңаша келбетке ие болады.

Мінберден бір сағатқа жуық уақыт толымды сөз қозғаған Ноян Мұңайтпасұлының есебі жергілікті тұрғындарының көңілінен шықты. Бейнелеп айтсақ, ауыл әкімі өз сөзінде барлық саланы қамтып, қойылуы мүмкін деген сауалдарға да толыққанды жауап беріп үлгерді.

Соның нәтижесінде есеп беру кесдесуіне қатысушылар тек ризашылықтары мен ыстық лебіздерін ғана білдіріп жатты.

Ауыл тұрғындары Шортан Қабиев, Қанат Байсалбеков және Аян Тілеубаев ауылдық округ әкімінің өткен жылы атқарған жұмысын жоғары бағалады.

Жиынды қорытындылаған Мақсұт Сәрсембайұлы алда жүргізілер жұмыстың жүйелі болуы мәселесіне көңіл аударып, тиісті тапсырмалар берді. Ауыл тұрғындарына табыс тіледі.

Өз тілшімізден.

АМАНКЕЛДІ ауылы.