ӘКІМ САЙЛАУЫ – МЕРЗІМ ҮНДЕГЕН МІНДЕТ

Кеше Жаңаарқа ауданында жергілікті сайлау комиссияларымен кездесу өткізген Ұлытау облысы бойынша аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Рахманқызы Битенова осылай деп мәлімдеді. Кездесуге аудандық сайлау комиссиясының толық құрамы, Байғұл, М.Жұмажанов селолық округтерінің учаскелік сайлау комиссиясының төрағалары мен төраға орынбасарлары қатысты.

Ауыл әкімдерінің сайлауы сайлаудың күрделісі болып отыр. Оның күрделенуіне бірнеше фактордың тікелей және жанама ықпалы болатыны да жасырын емес. Мәселен, сайлау барысында туыстық, рулық бәсекенің жанама ықпалы айқын байқалады. Бұл – ұлттық менталитеттің ерекшелігі.

– Сондықтан, сайлау заң аясында өтуі керек. Мұнда заң бұзушылық орын алмауы тиіс. Ауыл әкімдерінің сайлауында жергілікті электорат ақиқатты тым жақыннан көреді. Үміткер де, оның бәсекелесі де таныс, олардың бағдарламасы әрбір сайлаушының күнделікті көзбен көріп отырған проблемасы. Ендеше, біз бұл саяси науқанда тек қана заңға арқа сүйейміз. Ал, заң – әділдік жағында. Олай болса, Сіздердің әрқайсыларыңыз заңды жетік білулеріңіз керек, – деді Бақыт Рахманқызы.

Барлық заң талаптарын жатық, қарапайым тілмен түсіндірген облыстық комиссия төрағасы сайлау кезіндегі әртүрлі күштердің ықпалынан айналып өтудің бірден-бір жолы заң екенін қадап айтты.

Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Төрағаның өзі де сайлау комиссияларының мүшелеріне ұрымтал сұрақтар қойып, олардың білім мен тәжірибе деңгейлерін бір тексеріп өтті. Қысқасы, екі тарапқа да пайдалы кездесу, келелі кеңес болғанын айта кеткен ләзім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» бастамалары осы ауыл әкімдерінің сайлауынан басталады. Әділетке ауылдық жерлердегі қарапайым халықтың көзі жеткен жағдайда ғана, елдің жалпы сайлауға деген көзқарасы түзеліп, сенімі оянады. Өйткені, ауыл әкімдерінің сайлауы – Әділетті қоғамның алғышарты.
Бақыт Битенованың қайталап айтып:
– Қолданыстағы Сайлау туралы Конституциялық Заңды терең зерделеңіздер. Оның талаптарын мұқият орындауға мән беріңіздер, – деуінің астарында маңызды емеурін жатыр. Ол – демократиялық қоғамның кепілі болар тарихи емеурін.

Нұргүл ШАМАЕВА,
Жаңаарқа аудандық сайлау комиссиясының мүшесі.