ӘКІМ ГРАНТЫ: жас кәсіпкердің жаңа дүкені

Биылғы жылы Ұлытау ауданының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ өз кәсібін тыңнан бастауға ықыласты жастарды қолдау мақсатында берілетін қайтарымсыз грант санын мақсатты түрде ұлғайтуы нәтижесінде аудан орталығында ғана емес, кенттер мен ауылдарда да жаңа кәсіпкерлік нысандары бірінен соң бірі ашыла бастады.

Орайлы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, аудан әкімінің 500 мың теңге сомасындағы грантын иеленген Жезді кентінің тұрғыны Айтолқын Рысбек «Ақжол» кеңсе тауарлары дүкенін ашып, тұрғындар қажетін өтеуге кірісті. Жаңа нысанның салтанатты тұсаукесер рәсіміне ардагерлер қауымы, кенттегі мекеме-кәсіпорындар өкілдері мен жалпы жұртшылық қатысты. Ыстық ықыласты лебіздер легінен кейін лента қию рәсімін еңбек ардагері Қадыр Құлахметов іске асырды.

Шағын дүкенде күнделікті қолдануға қажетті кеңсе тауарларының алуан түрі бар. Бұдан тысқары, бұл жерде түрлі-түсті ксерокөшірме жасау, құжаттарды сканерден өткізу, мәтін теру мен мен басып шығару, фотосурет шығарып беру секілді қызметтер де көрсетіледі.