ӘКІМ ГРАНТЫ: жаңа тігін цехы ашылды

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында Ұлытау ауданында біршама жағымды жаңалықтар орын алды. Соның бірі – аудан әкімінің сомасы 500 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз грантын иеленген Айдана Сансызбайдың «Айзере» тігін цехының ашылуы. Тұсаукесерге аудан басшысы Берік Әбдіғалиұлы қатысты. Жас кәсіпкердің тыңнан бастаған ісіне сәттілік тілеп, жаңа нысанның лентасын қиды.

«Жас келсе – іске» ұстанымын басшылыққа алып, жаңа кәсіпке білек сыбана кіріскен Айдана Сансызбайқызы балаларға арналған сапалы киім тігумен қатар, күнделікті тұрмыста аса қажетті дүниелерді тігумен де шұғылданады. Олардың қатарында шымылдық, дастархан, орындық қаптамалары, бесік жасауы, құрақ көрпе секілді бұйымдар бар. Тігін цехы бұдан бөлек, киім жөндеу қызметін де жолға қойып отыр.

Жаңа кәсіпкерлік нысанында іс тігу үдерісінде үш түрлі қажеттілікті атқаратын үш іс машинасы мен бу беру аппараты орналастырылған.

-Жастардың өз кәсібін бастауына қолайлы мүмкіндік тудырған мемлекет саясатына ризамын, әсіресе, аудан әкіміне айтар алғысым шексіз. Енді халықтың сұранысын өтеп, сенімін иелену – басты мұрат. Қазір түсіп жатқан тапсырыс баршылық. Оларды дер кезінде сапалы атқаруға мүдделімін. Жұмысты жүйеге түсіргеннен кейін қосымша бір жұмыс орынын ашуды жоспарлап отырмын, – дейді болашағына сенімі зор жас кәсіпкер.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.