ӘКІМ ГРАНТЫ: кәдесый орталығы – жаңашыл жоба
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, биыл аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған грантына үміткер болып, өз жобасымен 800 мың теңгені жеңіп алған Айдын Айтмұқанның «Кәдесый орталығы» ауыл тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашты. Тұсаукесер рәсіміне арнайы барып қатысқан аудан басшысы Берік Әбдіғалиұлы жас кәсіпкердің жаңашыл бастамасына толайым табыс тілеп, ісінің ілгері басарына сенім білдірді.
Жиырма жастан енді ғана асқан жас жігіттің өз жүрек қалауымен қолға алған бұл кәсібі, шынымен де, Ұлт ұясы үшін «тыңға түрен салғандай» жаңашыл бастама. Себебі, аудан орталығында дайын кәдесыйлар сатумен шұғылданатын сауда нүктелері болғанымен, Ұлытаудың табиғи-тарихи ерекшеліктерін ескере отырып, тұрғындар мен сырттан келетін меймандарға арнайы әзірленген айрықша бітімдегі кәдесыйлар ұсынатын орын жоқ еді.
Құнды идеясын ұтымды қолданысқа енгізген Айдын Рүстемұлы әзірге алуан түрлі тауарының кескін-келбеті мен безендірілуін өзі жобалап, оларды арнайы тапсырыспен Нұр-Сұлтан қаласындағы орындаушы тараппен екіжақты келісім негізінде жасатып, тасымалдау арқылы жеткізіп отыр. Ол келешекте өз кәсібінің аясын кеңейтіп, кәдесыйларды ауыл жағдайында жасауға мүмкіндік беретін арнайы аппарат сатып алып орнату жоспары бар екенін жасырмайды.
-Ұлытауды туризм аймағына айналдыру жөніндегі тиянақты әрекеттер түпкі нәтижесін берері анық. Соған орай, Ұлт бесігіне туристер ағыла бастайды. Демек, Ұлытаудың бет-бейнесі бедерленген кәдесыйларға сұраныстың арта түсері күмәнсіз, – дейді өзінің ісін енді ғана бастаған кәсіпкер жігіт.
Өз тілшімізден.