Кіл мықтыдан кім мықты?

Күні кеше аудандық мəдениет үйінде «Қыз қылығымен көркем» атты аудандық «Ұлытау аруы – 2024» байқауы өтті. Ұлытау ауданының кенттер мен ауылдары арасынан ең əдемі, ең өнерлі ару атағы үшін сегіз үміткер сынға түсті. Байқоңыр ауылынан Дильназ Бағдат, Ұлытау ауылынан Балауса Бақытжан, Қаракеңгір ауылынан Анель Ғабиденқызы, Жезді кентінен Назерке Сабыр, Шеңбер ауылынан Ұлпан Жылқайдар, Қарсақбай кентінен Мира Қарықбол, Мибұлақ ауылынан Зейнеп Шоқан, Сарысу ауылынан Жасмин Укаша сынды арулар бақ сынасты.

Ұлытау ауданының 85 жылдығына арналып ұйымдастырылған байқау төрт кезеңнен тұрды. Байқау ережесіне сəйкес, арулар өзін-өзі таныстыру, сұрақтарға жауап беру, өнер көрсету сияқты шығармашылықпен қатар, сəн үлгілерін көрсетуден сынға түсті. Сонымен қатар, аруларға сахнада өзін-өзі ұстай білу сияқты шарттар да қойылған болатын. Бірінші кезеңде сайыскерлер «Мен қазақтың қызымын» тақырыбында өзін-өзі таныстырды. Ару қыздардың өлең оқу мəнері, дауыс ырғағы, өмірбаяндарын көркемдеп жеткізу шеберлігі көңіл көншітті. Осы сəтте қыздар тек қазылардың көңілінен ғана емес, көрерменнің талғамынан да шыққан сынайлы. Оған талғампаз тыңдарманның дуылдата қол соғуы дəлел.
Ал өнерлі өрге жүзер сайысында жезділік Назерке Сабырдың күй тартысы зал толы көрерменді таң қалдырды. Күй арқылы өнерлі қыз тыңдарманның рухын асқақтатып, жанын жадыратты. Қазақтың үкілі домбырасынан «Адай» күйін» күмбірлетіп төкті — ай бір! Ол күйді бар пəрменімен орындағанда көрермен қауым сахнадан көз алмады. Домбыра шертісінің өзі жұрттан бөлек,елден ерек. Тума талант деп осыны айт.Нағыз өнерімен өрге жүзген өнерпаз екен.
Келесі білім мен дəстүр негізін қамтыған сайыста қыр қызғалдағындай құлпырған арулардың бəрінің бəсі биік болды. Қыздар барлық сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, жоғары ұпай санын алды. Одан кейінгі сəн үлгісінде қарсақбайлық Мира Қарықболдың ұлттық киім үлгісі көпке ұнады. Қазақы ою – өрнекпен əшекейленген киім үлгілері ерекше болды. Оған да жұрт таңдана қарасты. Өйткені, ұлттық киімдердің алуан топтамасын ұсыну оңай шаруа емес. Төгілген термен келетіні ақиқат. Мираның киім үлгілері ұлттық өрнегімен ерекшеленді. Таң қалғанымыз өз алдына, тұщынғанымызда осы тұс. Дегенмен, байқаудың аты байқау жеңіс бар жерде жеңіліс те бар екені айқын. Десек те бұл байқаудың орны бөлек.Арулардың шыңдалар шағы – осы.
Бəсеке барысында үміткерлердің өнерін, білімін, жауаптың оралымдылығы мен сапасын, киім үлгілерінің тартымдылығын қазылар алқасы сараптады. Ортақ мəміледе, инабаттылығымен, талантымен жəне əдемі келбетімен көрінген арулар жүлдеге ілікті. Бірақ, арасында «əттеген-ай!» деген тұстары да жоқ емес. Амал қанша қазылардың дегеніне көндік.
Сонымен … үшінші орынды Байқоңыр ауылынан келген Дильназ Бағдат иеленді. Оған 75 мың теңгенің сертификаты берілді. Жезді кентінің аруы Назерке Сабырекінші орынды еншілеп, 100 мың теңгенің сертификатына иеленді. Жүлделі бірінші орынды қарсақбайлық ару Мира Қарықбол жеңіп алып, 150 мың теңгенің сертификатын алды. Бас жүлде жəне «Ұлытау аруы- -2024» атағы ұлытаулық Балауса Бақытжанға бұйырды. Ару қызға «Ұлытау аруы» тəжісі салтанатты түрде табысталып, 200 мың тенгенің сертификаты берілді.
Бəсекеде сынға түскен басқа да аруларға 35 мың теңгелік сертификат жəне Алғыс хаттар табысталды. Қатысушылардың ешқайсысы құралақан қайтпады. Барлығына сыйлықтар тапсырылды. Бұл байқаудың өтуіне аудандық мəдениет үйінің қызметкерлері зор еңбек сіңірді. Ұйымдастыру жағы жоғарғы деңгейде болды. Түптеп келгенде, осы байқау жастарды рухани тұрғыда байыта түсті. Байқау соңы жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.