Кіл мықтыда кім мықты?
Күні кеше Ұлт ұясы – Ұлытауда «Пай-пай, қазақтың келіндері-ай! атты аудандық байқау өтті.
Байқауға Ұлытау ауданы аумағындағы ауылдық округтерден 18 бен 35 жас аралығындағы келіндер қатысып, 7 үміткер сынға түсті. Байқоңыр ауылынан Шәрипа Барыс, Сарысу ауылынан Алтынай Әбілдинова, Ұлытау ауылынан Айдана Төребай, Егінді ауылынан Ақбота Күштібаева, Мибұлақ ауылынан Жамал Тойман, Терісаққан ауылынан Ақбота Қанағатқызы, Алғабас ауылынан Сая Ошанбек сынды келіндер бақтарын сынады.
Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналып ұйымдастырылған байқау алты кезеңнен тұрды. Алдымен, байқау шартына сәйкес, үміткерлер «Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде өзін-өзі таныстырды. Келесі «Ойлы болсаң, озып көр» кезеңінде ұлттық салт-дәстүр мен Абай шығармаларынан сұрақтар қойылып, үміткерлердің біліктілік деңгейі таразыланды. Осы кезеңнен үміткерлердің біразы сүрінді. Бұл жолғы да Айдана Төребай ғана екі сұраққа нақты жауап берді. «Өнерлі келін – сүйкімді» кезеңінде ән, би, монолог, көрініс бойынша үміткерлер қарым-қабілеттерін өнерлерінен байқатты. Бұл сайыста зал толы көрерменді Егінді, Сарысу ауылдарының келіндері таңқалдырды. «Кім жылдам?» кезеңінде үміткерлер ұршық иіруден сынға түсті. Ептілік пен шеберлікті қажет ететін сайыста Мибұлақ, Терісаққан, Ұлытау ауылдарының келіндері алға шықты. «Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» кезеңінде байқауға қатысушылар қазақтың ұлттық тағамдарын үйден дайындап әкеп көрсетті. Осы сайыста келіндердің әзірлеген тағамдары қазылардың көңілінен ғана емес, көрермен талғамынан да шыққан сыңайлы. Былай қарағанда үміткерлердің осалы жоқ. Қазылардың да риза болғаны соншалықты бәріне бірдей бес санын көтерді.
«Адам көркі – шүберек» кезеңінде сайысқа қатысушылар қазақтың ұлттық киімдерінен сән үлгісін көрсетті. Ою-өрнекті киім үлгілерімен талғампаз көрерменді таңқалдырған келіндер де болды. Бұл кезеңде Байқоңыр, Сарысу ауылының келіндері әдемі тігілген әшекейлі киімдерімен дараланды.
Бәсекелі сында қатысушыларға қазақ келіндеріне тән қасиет – әдептілік, байсалдылық, сонымен қоса, сөйлеу әдебі мен өзін-өзі ұстай білу сияқты шарттар да қойылды. Осылайша, әр кезеңдік сындар қатысушыларға айТарлықтай жауапкершілік жүктегені анық.
Байқау барысында үміткерлердің біліктілігін, жауаптың оралымдылығы мен сапасын, олардың мазмұндылығы мен тартымдылығын, сән үлгідегі киімдерін, ұлттық дәстүрді қаншалықты меңгергендігін қазылар алқасы сараптады. Сонымен… Қорытынды есепті де қазылар алқасы шығарды. Нәтижесінде, байқау жүлдесін ұлытаулық Айдана Төребай жеңіп алды. Жеңімпазға 200 мың теңгелік сертификат берілді. Бірінші орынға иеленген терісаққандық Ақбота Қанағатқызына 170 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орынның 150 мың теңгелік сертификатын Алғабас ауылының келіні Сая Ошанбек алды. Үшінші орынға тігілген 125 мың теңгенің сертификаты Мибұлақ ауылынан келген Жамал Тойманға бұйырды.
Байқауда инабаттылығымен, талантымен, сымбатымен көзге түскен келіндерге түрлі деңгейдегі номинациялар табысталды. «Үлгілі келін» аталымына – байқоңырлық Шәрипа Барыс иеленіп, 100 мың теңгенің сертикаты берілді. «Сымбатты келін» аталымына – сарысулық Алтынай Әбілдинова лайықты деп танылып, 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. «Өнерлі келін» аталымы – Егінді ауылының келіні Ақбота Күштібаеваға беріліп, 100 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Байқауға қатысушылардың ешқайсысы құралақан қайтқан жоқ. Барлығына сыйлықтар табыс етілді.
Жалпы, байқау жинақы, әрі тартымды өтті. Ұйымдастырушы тарап іс-шараның басы-қасында болып, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне күш салды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.