Киіз үй – асыл мұра

Ықылым заманда көшпелілердің өмір салтына ыңғайлы тұрғын үй – киіз үй болды. Бүгінде киіз үй бойынан біраз ұлт құндылықтарын аңғара аламыз. Тереңірек үңілсек, киіз үй көшпелілердің сан ғасырлық тəжірибесі, ой-өрісі, талғам-танымы шоғырланған жиынтық. Мұнда көшпелілердің талғам-түсінігі, дүние сұлулығы, заңдылықтары бірге қабысып, əдемі көрініс тапқан. Киіз үйдің шаңырағынан бастап, сықырлауығына дейінгі əрбір бөлшегі өз алдына оқшау өнер туындысы.

Осындай ғажайып өнер туындысы көшпелілердің күнкөріс мұқтажынан бастап, рухани талғам-талабына дейінгі аралықты көрсетеді. Бұл ретте, киіз үй адамзат баласының ертедегі тарихын қамтитын материалдық мұралардың ішіндегі ең құнды мүлік. Өйткені, киіз үй көшпелі өмір салтымен бірге туып, біте қайнасып, бірге шыңдалған дүние. Əріден айтсақ, киіз үй қола дəуірінен бастау алады. Киіз үйдің жасалу құрылысынан көшпелілердің таным-түсінігін, шеберлігін əбден байқауға болады. Былай қарағанда, киіз үй бүкіл бітім-көркімен шағын əлемді бейнелейді. Оның іргесі төңіректегі көкжиекті, уық-шаңырағы аспан əлемін елестетсе, ішкі-сыртқы безендірілген көркі əсем табиғатты бейнелейді. Ал, дөңгелекті тең секторға бөліп тұрған күлдіреуішінің өзі күннің табиғаттағы мəңгілік қозғалысын, өмір дамуын көрсетеді. Иін таяқтарының төрт ұштары дүниенің төрт бұрышын меңзейді. Бір таңқаларлығы, шаңырақтың төрт бөлігінен көрінетін жұлдыздардың орналасуына қарап, ежелгі көшпелілердің бір өрістен екіншіге ауысатын уақытты дəл анықтап отырғанын байқауға болады. Негізінде барлық құрылысымен шаңырақ бір жағынан жоғары мен төменнің шекарасы болса, екінші жағынан сыртқары жəне ішкі кеңістіктің аражігі. Осының бəрін анықтай келіп, киіз үй тұрғындары шаңырақтан Күн, Ай жəне жұлдыздар сияқты аспан денелерімен тілдескен. Əркез соларға қарап үйге сəттілік əкелсін деген ұғыммен күмбез шеңберін айналдыра қызыл түсі басымдау, ұштары шашақталған түрлі-түсті жібек жіптерден тоқылған «аяқбау» мен «түймешелер» қадалған үшбұрышты тұмаршаларды іліп қойған. Бұл ешқашан жамандық болмасын, жолымыз ашық болсын деген мағынада.
Ал, шаңырақты қасиетті санауда үлкен мəн бар. Басқа іс түскенде шаңыраққа қарап серттескен екен. Өзін ерсілеу ұстаған, артық сөз сөйлеген адамға «шаңыраққа қарап сөйле» деп тиып тастап отырған. Шаңырақты ешқашан аударып-төңкермеген, жерге тастамаған. Егер киіз үйді əйелдер тігетін болса, онда шаңырақты ер адам отағасы, яғни рудың ақсақалы көтерген. Шаңырақты отбасының ұрпақ сабақтастығы мен əулеттің жалғасы деп есептеген. Қазақ ұл-қызына бата бергенде «шаңырағың биік болсын» деуі содан шыққан. Кейде «шаңырағың шайқалмасын» деп те айтып жатады. Ондағы ойы отбасы тату-тəтті, жақсы жанұя болсын деген сөзі.
Қазақ шаңырақты қастерлейтіні соншалық, киіз үйдің басқа сүйектері ескірсе жаңартады, ал шаңырақты ешқашан жаңартпайды. Бүгінге дейін ел аузында сақталған шаңыраққа қатысты наным-сенімдер, қанатты сөздер – соның айғағы. Сонда табиғатпен тұтастықта, табиғаттың бір бөлшегімін деп тану, табиғатпен кіндігіміз бір деп есептеу – көшпелілердің дүниетанымында қалыптасқан. Олар үшін аспан əлем көк күмбез – барша тіршіліктің баспанасы. Ал, киіз үй болса, əркімнің шағын əлемі, əркімнің көк күмбезі деп ойлаған. Сондықтан киіз үй бүкіл бітім көркімен көшпелілер ұғымында шағын əлемді бейнелейді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.