Кибербуллинг – ғасыр тажалы

Қазақстан әлемде суицид бойынша жастар арасында – екінші орында, ересектер арасында бесінші орында тұр. Мұның ең басты себебі, ақпараттық манипуляция һәм кибербуллинг десек сенесіздер ме? Дәл бүгін заты тұрмақ, аты да беймәлім осы тажал қазақтың сайдың тасындай азаматтарын өлімге итермелеуде. Ол қалай дейсіз бе? Демесеңіз де айтайық…

Кибербуллинг – виртуалдық кеңістіктегі психологиялық қысым жасаудың кең таралған түрі. Екеуара ғана шешілетін, жеке бас мәселесін, жан баласының тісінен шығармайтын құпиясын әлемге әлеуметтік желі арқылы жаяды. Былайша айтқанда, желідегі «жындар» жан-жақтан талап, тағдырыңды талапайға салады. Ғасыр тажалына айналған осынау сұмдықтың әсерінен әлемде әрбір бесінші азамат өзіне-өзі қол салуға бейім тұратын көрінеді. Оның 70 проценті – нәзікжандылар.

Иә, біз елдің сөзі мен көзінен сескеніп, несие алып, той жасайтын, ішіміз түтін болса да, сыртымызды бүтін етіп көрсеткіміз келетін халық емеспіз бе? Енді өзіңіз ойланып көріңізші, «ел не дейді екен?» деген көзқараста өмір сүріп жатқан қазақ қоғамы үшін бұл – үлкен соққы. Құпиямыздың әлеуметтік желіде жарияланғанын өлім санаймыз.

Мейлі, кибершабуыл барысында сізге тағылған айып шындыққа жанаспаса да, ар-намысыңызға тигені, жеке басыңызды табалағаны, өзгенің сіз туралы қате пікір қалыптастырғаны депрессияға ұшыратады. Мұндайда жаныңыздан шынайы қолдау жасайтын етжақыныңыз табылмаса, діңгегі ең мықты адам болсаңыз да, күйзеліс ауыртпалығын еңсере алмай, өзіңізге өзіңіз қол салып жіберуіңіз әбден мүмкін. Жуырда ғана кибербуллингтің құрбанына айналып кеткен жас әрі талантты жазушы Ая (Аягүл) Мантайдың өлімі осыған дәлел болса керек. Жай ғана сын деп қабылдап жүрген дүниенің соңы кибербуллингке әкеліп соқтырды.

«Кибербуллинг Қазақстанға әлдеқашан келген. Мұны тек Аягүл Мантайдың өлімінен кейін ғана мойындап отырғанымыз өкінішті. Оның тегеурініне уыздай жас қыз тұрмақ, болаттай берік азаматтар да шыдай алмай кетіп жатыр. Сондықтан кибербуллинг мәселесімен күресуді қолға алатын психолог-ғалымдар тобын жедел арада құруымыз керек», – деп дабыл қақты психолог Айгүл Темірболат.

Ал қоғам белсендісі Гүлмәрия Барманбекова «Шара қабылдайтын кез келді. Кибербуллингпен күрес заңы қабылдануы керек. Бұқаралық ақпарат құралдары кибербуллинг мәселесіне байланысты түрлі форматтағы насихатты күшейтуі тиіс», – дейді.

P.S. Шынымен де, әрекетті бүгіннен бастамасақ, кибербуллинг күндердің күнінде сізді де айналып өтпесіне кім кепіл?! Сондықтан оған қарсы иммунитет қалыптастыруды бүгіннен бастап қолға алғаныңыз жөн, қадірлі оқырман!

Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН