Кешірім мен кеңдіктің мерекесі

Əр пендені рухани тазару арқылы кешірім мен кеңдікке, мейірім мен сабырлылыққа жетелейтін қасиетті Рамазан айы аяқталды. 29 күн бойына ораза ұстап, құлшылық жасаған мұсылман қауымы Айт мейрамын тойлады. Асыл дініміздің ұлық мерекелерінің бірі – Ораза Айт мейрамын ұлытаулықтар да жоғары деңгейде атап өтті.

Он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айы аяқталған сəтте Ораза Айт мерекесіне аман-есен жеткендіктерін шүкіршілік еткен жұртшылық таң сəріден аудан орталығындағы мешітке жиналды. Мүбəрак мерекенің мінəжатына келген жамағаттардың қатарында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков пен ауыл ақсақалдары, өңір жастары болды. Жиналған жұртшылық «Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен жандарға оразаларың қабыл болсын» деген ниетпен ізгі тілегін білдірді.

Ауданның бас имамы Жанболат Рахымбердиев барша мұсылман қауымды ислам үмметінің ұлық мерекесімен құттықтады. Ізгіліктен бастау алатын бұл мейрамның мұсылман қауымы үшін мəні зор екендігін атап өтті.

«Иман – екі дүние бақытына жетелейтін нығмет. Ел аузында айтылып жүрген: «Иманым-жиғаным» деген сөз бар. Иманын күшейтуге тырысқан адам игілікке кенеле бастайды. Алланың қалауымен оның жүрегінде ерекше тыныштық орнайды. Жүрегі қызғаныш, мақтаншақтық, тəкаппарлық сияқты дерттен айығады. Ал, Айт мерекесі еліміз үшін имандылықтың, ынтымақбірліктің, құт-берекенің бастауы. «Айт» сөзінің өзі «мейрам», «көңіл көтеру» деген ұғымды білдіреді» деп имам бүтін пендені бауырмалдыққа, адалдыққа шақырып, ой саларлықтай уағыз айтты. Бұдан кейін елге амандық, жұртқа тыныштық дұғасын тілеп, айт намазын оқыды.

Мұнан кейін мешіт ауласында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сөйтіп, мешіт жамағаттарының ұйымдастыруымен өткен спорттық шаралар легі бұқаралық сипатта кең өріс алып, жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ