Кешенді жоспар бойынша жұмыстар басталды

Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды. Оны алғашқы болып «Қазақмыс» корпорациясы қолға алды. Аймағымыздағы қала құрушы компания кешенді жоспары аясында Жезқазған қаласында бірқатар нысандардың құрылысын бастамақ.

Бейсенбі күні облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС салатын бірқатар əлеуметтік нысанды аралады. Өңір басшысының жұмыс сапарына «Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Нұрахмет Нұриев, Жезқазған қаласының əкімі Қайрат Шайжанов, құрылымдық бөлімшелердің жауапты қызметкерлері, мердігерлік ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы əуелі Корпорация дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отырған орынды аралап көрді. Сондай-ақ екі балабақша құрылысының барысымен жəне ауыз су сорғы станциясын күрделі жөндеумен танысты. Сонымен қатар, Гагарин көшесінде орналасқан №70/2 апатты үйге барды.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС Бас директоры Н.Нұриевтің айтуынша, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазғанда бассейні бар 320 орындық көпфункционалды спорт кешенін салуға 8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Құрылыс 2023 жылдың көктемінде басталып, 2024 жылдың басында аяқталады

Өңір үшін маңызды жобалардың қатарында ауыз су сорғы станциясының күрделі жөндеуі бар. Жаңа шағын аудандардың салынуын жəне кеңеюін ескере отырып, облыс орталығы сорғы станциясының қуатын арттыруды қажет етеді. Ол іске қосылған кезде 91-92 орамды сумен жабдықтау мəселесі шешіледі. Бұл жобаны жүзеге асыруға «Қазақмыс» корпорациясы 273 млн теңге бөлмек.

Сондай-ақ, өңір басшысы Гагарин көшесіндегі салынып бітпеген №70/2 үйге барды. Сараптамалық қорытындыға сəйкес үй апатты жағдайда жəне оны одан əрі пайдалану орынсыз. Қазіргі уақытта онда ешкім тұрмайды. Н.Нұриевтің айтуынша, Корпорация осы жерде жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Мұның сыртында, корпорация 9 орамдағы 280 орындық балабақшаны, сондай-ақ Гагарин көшесіндегі 320 орындық балабақшаны бұзып, қайта салады. Мектепке дейінгі заманауи мекемелер барлық жайлылық пен қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Осы балабақшаларды іске қосу арқылы мектепке дейінгі балалар мекемелеріне кезек 45 пайызға қысқарады деп күтілуде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.