Кент тынысын бағамдады

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ Жезді кентіне жұмыс бабындағы сапармен барып, бүгінгі таңдағы тыныс-тірлігін жете зерделеді. Сапар барысында аудан басшысы спорт-денешынықтыру кешенінің құрылыс алаңында болды. Мектеп-интернат жатақхана жөндеу жұмысының жай-күйімен танысты. Ток жүйесі трансформаторларының ахуалын бағамдады. Жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.

Спорт-денешынықтыру кешенінде мердігер ұйымның басшысы атқарылған іс нәтижелері мен алдағы жүргізілетін жұмыс көлемі туралы баяндады. Советбек Тұрсынұлы еңбекті ұтымды ұйымдастыру, жұмысты жүйелеу мәселесіне қатысты өз көзқарасын алға тартып, жоспарлы шараларды мейлінше ширата түсуді тапсырды.

Мектеп-интернат жатақханасындағы жағдайды «көзбен көріп, қолмен ұстағаннан» кейін мердігердің алдына қатаң талаптар қойды. Өзінің орынбасары Жомарт Бегаев пен кент әкімі Серік Есенғалиевке жұмыстың жүргізілу деңгейі мен сапасын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Аудан басшысы кент әкімдігінде өткен жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесуде жалпы өңір бойынша қолға алынған жоспарлы жұмыстардың маңыздылығы мен ерекшеліктеріне сипаттама беріп, олардың орындалу көрсеткіші туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, Жезді кентін одан әрі дамыту мәселесін тілге тиек етті. Өзара түсіністік ахуалы орнаған жүздесу кезінде ауыл тұрғындары көңіл төріндегі кө кейкесті сауалдарын ортаға салды. Оларды мал жайылымының жетімсіздігі, ток қуатының сапалы берілуі, шөп бағасы мен көмірдің дер кезінде жеткізілу жайы алаңдататыны айқындалды. Советбек Тұрсынұлы көтерілген барлық сауалдарға қатысты өз пікірін білдіріп, тиісті құзырлы тараптарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Сапар түйінінде өңір басшысы ауыл ақсақалдары және белсенді қоғамдық ұстанымдағы азаматтармен бірге ток жүйесі трансформаторларын арнайы аралап көрді. Кемшіліктерді жедел ретке келтіру тұрғысындағы міндеттерді белгілеп, нақты тапсырмалар берді.

Аудан әкімінің кентке сапары кезінде ресми топ құрамында аудан әкімінің орынбасары Жомарт Бегаев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Берік Әбілов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Пардабеков, сондай-ақ, аудандық «Ұлытау» газетінің Бас редакторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ахат Құрмансейітов болды.

Өз тілшімізден.