Кенді аймақта әйелдер кәсіпкерлігі қалай дамуда?

Қарағанды облысында әйелдердің басшылығымен 41,5 мың компания жұмыс істейді – бұл өңірдегі барлық бизнестің жартысына жуығы. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және оған қолдау көрсету мәселелерін өңір басшысы Жеңіс Қасымбек пен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева кездесу барысында талқылады.

– Бүгінде әйелдер өңірдегі кәсіпкерлік саласының жартысын басқарады, ал бұл 41,5 мың компания. Олар бизнеспен айналысатындардың үштен бір бөлігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл тек сауда, қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік нарығы, қонақ үй және мейрамхана бизнесі ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп. Қызмет аясы жыл сайын кеңейіп келеді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 2,2 млрд теңгеге 340 жоба көмек алды, олардың бастамашылары – әйелдер. Жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шағын несие алушылардың үлес салмағы өсуде. «Бастау бизнес» курстарында оқитындардың 70%-ға жуығы – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер. Әйелдер үлесіне 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейінгі барлық гранттардың 60%-дан астамы тиесілі.

– Бүгінде өңірде әйелдер қауымы шоғырлануда. Біз күштерімізді біріктіруді алдымызға міндет етіп қойдық және ойлағанымыз сәтті жүзеге асты. Әрбір қала мен ауданда іскер әйелдер қауымдастығы және әйелдер күштері Альянсы жұмыс істейтін болады. Қызмет саласы үлкен – бизнес жүргізуде көмек көрсету, саяси көшбасшылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, әлеуметтік мәселелер, құқықтық оқыту, – деді Раушан Сәрсембаева. — Біз тәлімгерлік, коучинг ұйымдастыруға дайынбыз. Бизнеске келген қыздарға көмектесу керек.

Кездесуде Әйелдер күштері альянсының қолдауымен бірнеше әлеуметтік жобалар ұсынылды. Облыста колледждер мен университеттердің студенттері үшін көшбасшылық клубтары пайда болуы мүмкін. Басқа бастамалар денсаулық, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, құқықтық оқыту мәселелеріне қатысты болды.