КЕЙУАНА немесе тоқсанның төріне қадам басқан ардақты ана туралы бір үзік сыр
Адам өмірінде қадап айтатын, тағдырын соған байланыстырып, өзгелерден даралайтын бір сəттер болады. Биылғы жылы тоқсанның төріне қадам басып отырған ардақты ана Кенжеғали Алшынбаеваның өмір жолы туралы əңгіме қозғағанда, балғын балалық шағы сонау сұрапыл соғыс жылдарына дөп келіп, бала болып ойнай алмай, əр күнін тылдағы тынымсыз еңбекпен өткізген, қан майдандағы жеңістің əр күнін қайтсем жақындата түсуге септігім тиеді деп жан ұшыра еңбек еткен қаршадай қыздың есейіп ер жеткеннен кейінгі өмірі Қарсақбай мыс қорыту зауытында өткен қазақ əйелінің бейнесі көз алдымызға келеді…
Көгілдір көктемнің алғашқы мерекелерінің бірі де бірегейі – Аналар күні қарсаңында елге үлгі етерлік əйел-ана, əйел-еңбеккерлерді іздестіретін қалам ұстаған қауымның қашанғы əдеті. Бұл жолы да мақалама арқау болар кейіпкер іздеп əр тарапты ойша шолып отырып осы Кенжеғали шешей түсе кеткені. Бұған дейін қарашаңырақ Қарсақбайға барғанымда Қаныш Сəтбаевтың осы қарашаңырақтағы музейіне жетекшілік етіп отырған азамат – Дүйсенбай Бəрекеновпен танысып едім. Кезінде Қарсақбай мыс зауытының құрылыс бөлімінде ұзақ жыл еңбек етіп, кейін теміржол бойында тер төккен Дүйсекең əңгіме арасында анасы Кенжеғали Дəрібайқызы туралы айтып еді. –
– Биыл Алла қаласа анам тоқсанның төріне қадам басып отыр. Көзін ашқалы осы қарашаңырақта еңбек етіп, ел дəулетін еселеген жандардың бірі. Бала кезінде тылда жұмыс істеген. Анау айтқандай керемет балқытушы болмаса да Қарсақбай мыс зауытында, оның жылу қазандығында түрлі қара жұмыстар істеп, ер-азаматтардан кем түспеген кісі. Сол анам жайлы жазсаңыз, – деген еді. «Іздегенге сұраған» деген осы емес пе. Дереу Дүйсекеңе телефон соқтым. Дес бергенде Кенжеғали шешей Жезқазғандағы кенже баласының үйінде екен.
* * *
– Əлгі, тілші бала ма бұл, – деді төргі үйдегі қаз-қатар қойылған орындықтың шеткісінде қаздиып отырған кейуана амандық саулықтан соң қасындағы келіншекке қарап.
– Иə, апа. Сізбен сөйлесуге келіпті. Сіз жайлы газетке мақала жазбақ көрінеді, – деді келіншек кейуананың құлағына дауыстап.
– Шырағым, бар айыбым құлағым естімейді. Басқа міндетімнің бəрі өзімде. Алланың мұнысына мың да бір шүкір. Балаларымның үйін жағалап, бақуатты тіршілік кешіп жатқан жайым бар. 1934 жылы дүние есігін ашқан екенмін. Содан бері міне, қыбыр-жыбыр жүріп жатырмын. Бірдеңе сұраймын десең мына келініме айт. Менің құлағым да, тілім де осы, – деді қасында отырған келініне мейірлене қарап.
Несін жасырайын, «тоқсанға таянған кісі» дегенде көз алдыма бетін əжім торлаған, бойы еңкіш тартқан шүйкедей қара кемпір елестеген еді. Тіл-көзім тасқа, мына кісі тоқсанның төрінде деуге аузың бармайды. Отырысы тіптік. Сөзі де ширақ.
– Апам сегіз бала туып, тəрбиелеп өсірген кісі ғой. Алты ұл, екі қызы бар. Бəрі үйлі-баранды болып кеткен. Менің жолдасым Ерболат үйдің кенжесі. Қазақ шаңырақты кенжесіне тапсырады ғой. Апам да біздің қолымызда, – деген келіні əуелі өздерін таныстырып өтті.
Ерболаттың зайыбының есімі Мақпал екен. Енесінің бар қажетін өтеп үйренген келін кейуананың қас-қабағынан-ақ нені меңзеп отырғанын айтпай ұғып, іліп əкетіп жатыр.
…Кенжеғали апа өмірдегі қиыншылықты да, қиянатты да, жақсылық пен жамандықты да басынан өткерген жандардың бірі. Қаршадайынан тылда жұмыс істеп еңбек ардагері атанған құрмет иесі. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуана Тəуелсіздіктің баянды заманына куə болғанына мың да бір шүкіршілік етеді. Тоқсандағы жүректе туған өңірдің сыры да, жыры да тұнып тұр. Осы жылдардағы əрбір тыныс-тіршіліктің бəрі кейуананың өмірімен өзектес екені анық.
– Біз мына Қумола өзенің бой ында тұрдық. Əкем Дəрібай он саусағынан өнер тамған шебер ұста кісі болды. Кеңес өкіметі орнағанға дейін сол кісінің еңбегінің арқасында күн көрдік. Бала да болсақ еміс-еміс есімде, əкемді сонау Торғай даласына дейін байлар алдырып жататын. Ер-тұрман, ат əбзелдерін күміспен күптеп, алтынмен қаптап жасайды екен. Тіпті, бəз-біреулер пəуеске арбаларын да менің əкеме сəндеттіретін көрінеді. Ол кезде бəсеке деген күшті болды ғой. Бəлен деген байдың ат-əбзелдері, күймесі керемет екен дегенді естісе екіншісі содан асып түсуге асығады. Сондайда əкем Дəрібайды алдыратын. Ол кісі айлап үй бетін көрмей кетеді. Шешем Күнбала байғұс уайымдап, көз жасын көл етіп жүретін. Кейін, қапшыққа салған киім-кешегі, ішіп-жемге тəттілері бар əкем келгенде ауыл іші бір қуанып қалады.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін колхоздың ұстасы болды. Айыр, күрек, соқа, сайман соқты, – деп еске алады ата-анасын Кенжеғали апа сол бір сағынышқа толы сағым жылдарды көз алдына елестетіп.
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей Кенжеғали апаның замандастарында балалық шақ деген болған емес. Ес біліп, еңсе тіктей бастаған шақта аштығы бар, сұрапыл соғысы бар қаһарлы замандар қат-қабат келіп, қайғыдан көз аштырмады. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, ауылдағы жұмыстың бəрі əйелдер мен еңкейген қарттардың, есі кірген балалардың мойнына түсті. Кенжеғалилар таңның атысы, күннің батысы егін қорыды. Торғай қуалады, бұзау бақты. Осылайша жеңіс таңының атуына бала да болса өздерінің сүбелі үлестерін қосты.
– Сыйласып тұрмыс құрған отағасым Əбжапар Бəрекенов шаруақор азамат еді. Қарсақбай совхозында жүргізуші, совхоз фермаларының басқарушысы, кейін совхоздың бас инженері қызметтерін атқарды. Бұл əулет те Қазан төңкерісінен кейінгі қатыгез заманның зардабын тартқан адамдар. Мына, Қарсақбай кенті есімін иеленіп отырған Қарсақбай деген кісі үлкен бай болған, елге сөзі жүрген, ағайын ел құрмет тұтқан кісі болған екен. Əбжапарлар сол кісінің ұрпақтары. Амал қанша, ол кісі де арсыз өмірден опық жеді. Бертінге дейін Қарсақбай деген кісінің бай болғанын, өздерін сол кісінің ұрпақтары екенін айтуға қорықты.
Біреудің ала жiбiн аттамаған отағасым балаларын жеткiзем деп жүрiп 55 жасында дүние салды. Марқұм үнемi ағынан жарылып, балаларының тілеуін тілеп отырушы едi. Ұл-қыздарымызды қолдан келгенше аялап өсіріп, оқытып, тəрбиелеуге күш салдық. Отағасым дүние салған соң, амал жоқ үйдiң бар ауыртпалығы менің иығыма түстi. Тағдырдың тап келген тауқыметiне тапжылмай төзіп, кездескен сынның бəрiн жеңiп шығуға тура келді. Қиналып жүріп адал еңбек еттім. Балаларымның бəрін де тарықтырмай өсірдім. Құдайға шүкір, ешқайсысы да жаман болмады. Үмітімізді ақтады. Соның арқасында Алланың берген жасын жасап, еңбегімнің зейнетін көріп отырмын. Балдай тəтті балаларым, олардан көрген немере-шөберелерін көз қуанышым болап, өркеніміз өсіп жатыр, тəубе. Аталарының жолын жалғастырып, ел аузына ілігіп, халық сенімін арқалап жүр бəрі, – дейді апамыз өткен өмірін еске алып, бүгінгі бақуатты тірлігіне тəубе деп.
Кенжеғали апа еңбек жолын 1965 жылы Қарсақбай кентіндегі кəсіптік білім беру училищесінде аспаз болып бастаған екен. Содан бері қарашаңырақтағы сан салалы еңбекте төр төкті. Абырой биігінен көрінді. 1976 жылы Қарсақбай мыс балқыту зауытының табалдырығын аттап, мұнда да ол ер-азаматтармен бірге сан түрлі ауыр жұмыстарды атқарды. Жылу қазандықта от жағушы болды. Зауыттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында еңбек етіп, өзіне тапсырылған істерді тыңғылықты орындады. Зейнет демалысына шыққанға дейін бір тыным тапқан жоқ. Ұрпақтарына еңбегімен үлгі бола білді. Қазір міне, балаларының ортасында мейманасы тасып, қадірлі ана, ардақты əже болып жүріп жатыр. Алла ол кісіге əлі де ұзақ ғұмыр берсін…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.