Әке жолын жалғаған
Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Мұқановтар әулетін Қарсақбай жұртшылығы жақсы таниды. Осы әулеттің бәйтерегі Тұрысбек өмір бойы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмыс істеп, сол жерден зейнетке шыққан еді. Ол еңбек жолын 1954 жылы балқытушы болып бастаған екен. Содан 1982 жылға дейін осы қарашаңырақтағы қазынаны ел игілігіне игеріп, тер төккен. Бүгінде оның ісін ұрпақтары жалғастыруда…
Жалпы, қарашаңырақ Қарсақбайда Мұқановтар сынды кәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттер жетерлік. Барлығының еңбек жолы – бір-бір тарих. Ал, Мұқановтар әулеті соның бір жарқын үлгісіндей. Тұрысбек Мұқановтың екі баласы да бүгінде зауытта еңбек етеді. Болатбек күзет бөлімінде еңбек етсе, Мұрат – нағыз әке ісін жалғастырушы. Қазір ол құюшылар бригадасының бригадирі.
1990 жылы Қарсақбай зауытына құюшы болып келген еді. Алғашқыда үйренуші болып жүріп, бұл кәсіпті тез арада меңгеріп алды. 31 жыл бойы осы салада абыройлы еңбек етіп келеді.
– Жыл сайын кеншілер мерекесін балаларымның басын қосып, әкеміз салған сара жолды ұлықтап, әулетімізбен атап өтеміз. Менің еңбегім еленіп, марапатқа ие болуым Мұқановтардың қуанышын еселеп отыр. Еңбегіңнің еленіп, балаларыңның саған мақтанышпен қарағаны ерекше сезім екен, – дейді Мұрат Мұқанов.
«Еңбегім еленді» деп отырғаны 2008 жылы Мұрат ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған еді. Ал, 2018 жылы оған Қарсақбай мыс қорыту зауытының 90 жылдық торқалы тойына орай, «Нива» автокөлігі сыйға берілді. Осының бәрі металлургтің мерейін үстем етті.
– Әкеміз бізді бала күнімізден еңбекке баулыды. Сонда бала болсам да, әкемнің қандай жұмыс істейтінін түсінуші едім. Уақыт өте өзім де балқыту ісіне келдім. Осы күнге дейін бұл жұмыс мені еш жалықтырған емес, – дейді Мұрат Тұрысбекұлы.
Өз ісін жетік меңгерген азаматқа зауыт басшылығы үлкен сенім артып, оны құюшылар бригадасының бригадирі етіп қойған еді. 20 жылдан бері бұл қызметті де мінсіз атқарып келеді. Қарамағындағы 28 жұмысшы бір үйдің баласындай «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығара» еңбек етуде. Соның арқасында берілген тапсырмалар да абыроймен орындалып келеді.