Кең сипатты әңгіме өрбіді
Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы Сәрсен САҒАТОВ 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары жөнінде ZOOM платформасы арқылы баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы директорының орынбасары Төлеш АСАНОВ, аудандық «Ұлытау» газетінің журналисі, фототілші Жасұлан АЯШЕВ және аудандық сот мамандары қатысты.
Мақсатты басқосуда Сәрсен Сейіткенұлы есепті кезең аралығындағы сот қызметінің нəтижелері туралы егжей-тегжейлі әңгіме өрбітіп, қаралған қылмыстық, азаматтық жəне əкімшілік істер бойынша дәйекті мəліметтер ұсынды.
– Биылғы жылдың өткен алты айында 42 əкімшілік, 24 азаматтық, 9 қылмыстық іс тиянақталды. Олардың ішінде 9 әкімшілік іс қысқартылып, 15 әкімшілік іс бойынша айыппұл, 18 әкімшілік іске қатысты қамау, 3 әкімшілік іс бойынша арнайы көлік құралын басқару құқығынан айыру жазалары қолданылды.
Жеке және заңды тұлғалардың жүгінулері мен арыздары судьялардың сот қызметкерлерінің әрекеттеріне, оның ішінде, азаматтарды жеке қабылдау бойынша шағымдар түскен жоқ. Электрондық құжат айналымын жүргізу, сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде ақпараттық есепке алу құжаттарының шынайылығы, уақытылығы және толтыруының толықтығы – тиісті деңгейде. «Төрелік» ААТЖ-ға сот отырысының сот актілерін және хаттамаларды уақытылы салу, электрондық цифрлық қол қою талабы мерзімінде жүзеге асырылады. Татуласу рәсімдерін пайдалана отырып, аяқталған істерді шешудің баламалы тәсілдерін кеңінен қолдану мақсатында аудандық сот тарапынан тиімді жұмыстар жоспарланған. «Даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы» Ережені іске асыру мақсатында, істерді медиация тәртібінде қарау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Соған орай, халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында мекеме басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел, семинар сабақтары және тағы да басқа бірқатар іс-шаралар іске асырылып отырады. Нәтижесінде 10 азаматтық іс дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге сәйкес қысқартылды, – деді Сәрсен Сағатов.
Сот төрағасының міндетін атқарушы БАҚ өкілдерін тұрақты негізде қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды. Олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Өз тілшімізден.