КАРТОП БАҒАСЫ ҚАЛТАНЫ ҚАҚПАЙДЫ
Құрметті жерлестер, облыс әкімдігі, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті және «Ұлытау» ӘКК жүргізген мониторинг, түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде халық көп тұтынатын көкөніс түрі – картоптың бағасы тұрақталып келеді.
Қазіргі таңда аталған көкөніс түрі Кеңгір елді-мекенінде орналасқан «Жанұя» гипермаркетінде 220, Жезқазған қаласындағы «Органик» БК 217, «Самаз» супермаркетінде 220 және Сәтбаев қаласындағы «Жанай» мен «Нұртай» супермаркеттерінде 218 теңгеден саудалануда.
Сонымен қатар, «Ұлытау» ӘКК Павлодар қаласының «Ақтоғай Агро» ЖШС келісім шарт негізінде 38 тонна картоп жеткізу қарастырылуда. Қазіргі таңда картоп жүк көліктеріне тиеліп, облыс орталығы Жезқазғанға тасымалданып жатыр. Қалаға жеткізілген картоп ірі сауда нүктелеріне 198 теңгеден өткізіліп, тұтынушыларға сауда сөрелерінде 218 теңгеден сатылымға түсетін болады.
Сондықтан, облыс тұрғындарына картоп бойынша уақытша туындаған қымбатшылыққа түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Жергілікті билік тарапынан бағаны тұрақтандыру бағытында шаралар қолға алынып, бағаны негізсіз өсірмеуге қатысты түсіндірме іс-шаралары жүргіліп жатқандығын жеткіземіз.