Карантиндік арамшөп – қызғылт у кекіре

Қызғылт немесе жатаған у кекіре (Acroptilon repens L) – көпжылдық, атпатамырлы өсімдік. Күрделігүлділер туысына жатады. Тамыр жүйесі қуатты, топырақта 10 метр тереңдікке жетеді. Жатаған у кекіренің ерекшеліктері мынадай: ол қордағы қоректік зат – инулинді тамырдың топырақтағы төменгі қабатына жинақтайды; қоректік заттарын (инулинді), топырақ баптаушы техникамен егістік жерді өңдегенде, жатаған тамырының кесілген жеріне тез жеткізуі арқылы жылдам өсіп, жер бетіне шығады; фотосинтез құбылысы арқылы тамырланады. Сондықтан көптеген агротехникалық әдістерге төзімді болады, қайта өсіп жетіледі. Көбеюі негізгі тамыр және тұқыммен жүзеге асады. Тұқым арқылы у кекіре жаңа аумақтарға тарайды.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметінше, қызғылт у кекіре республикамыздың 3 млн. гектар жеріне таралған. Ол пайда болған егістік жерлердің өнімділігі 30-50 пайызға, ал құрғақшылық жылдары 60-70 пайызға дейін төмендейді. У кекіренің тұқымдары басқа аумақтарға суармалы жерлерде су арқылы, жануарлар, құстар, техника, тағы басқалары арқылы таралады. Тұқымның табиғи жағдайда таралуын тоқтату мүмкін емес. Сол себептен у кекіре ошағын тұқымы жан-жаққа жайылмай тұрғанда жою қажет. Арамшөп түсімділігі бір өсімдікте 3000 дәнге дейін жетеді және олардың 50 пайызы өну қасиетін 5 жылға дейін сақтап қалады. Толық піскен тұқым ауа ылғалдылығы 20 пайызға жеткенде, топырақтың механикалық құрамына байланысты 2-5 см тереңдіктен өсіп шығады. Тұқымнан өсіп шыққан көгі 1,5-2 айдың ішінде 5-7 жапырақтан тұратын өсімдікті құрайды. Одан әрі тік және көлденең тамырлар пайда болып, топырақ қабатында кеңінен жайылады. Қызғылт у кекіре алғашқы жылы өнім бермейді, тұқымының таралуы екінші жылдан бастап жүзеге асады. Өсіп-өну кезеңінде сабағы жуандап, тамырсабаққа айналады. Бұл тамырсабақтарда 35-60 см тереңдікте қысқы мерзім алдында қызғылт түсті бүршіктер атады. Бір өсімдік бірінші жылы диаметрі 3-3,5 метр квадрат жерде шоғыр құрайды, ал тік тамырлары 1,5-2,0 метр тереңдікке жетеді. Кекіре, негізінен, вегетативтік жол арқылы өздігінен көбейеді.

Тамыр жүйесі негізгі және көлденең тамырлардан тұрады. Негізгі тамырдан әртүрлі тереңдікте көлденең тамырлар қалыптасады, бұл тамырларда өсіп-өну бүршіктері пайда болады. Аталған бүршіктерден тамыр, өркен (побег), сабақтары дамиды.

Қызғылт у кекіренің жаппай басу себептері – карантин ережесінің сақталмауы, негізгісі – арамшөппен күресу кезінде гербицидтерді өсімдіктің биологиялық ерекшеліктерін ескермей пайдалану.

Зияндылығы. Кекіре ауыл шаруашылық дақылдарына қарағанда, топырақтағы ылғал мен қоректік заттарды 2-5 есе көп пайдаланады. Сонымен қатар, дақылдарға аллепатиялық әсер етуі, яғни, тамыр жүйесі мен тұқымының зиянды заттар бөлу арқылы астық өнімділігін төмендетеді.

Күресудің агротехникалық әдісі тамырдағы органикалық зат – инулиннің көбеюін тоқтату мақсатында тамырын ұсақ бөлшектерге бөлуге негізделеді.

Кекіремен күресудің бір жолы – топырақ өңдеу. Егістікті орып алғаннан кейін қыршуыш арқылы қопсыту (2-3 рет, 10-12 см тереңдікте). Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында кекіремен 3 ярусты культиватор арқылы күреседі. Оның жұмыс жасау принципі бір уақытта кекіре тамырын 3 түрлі тереңдікте (10-12 см; 14-16 см; 18-20 см) қиюға негізделеді. Бұл жағдайда тамырлары өте ұсақ бөлшектерге (2-5 см) кесіледі де, арамшөп жер бетіне өсіп шыға алмайды.

Карантин ережелерін толық сақтау кекіремен күрес жолында орасан зор пайда әкеледі.

Нұрбек БАЙШАТ,

ҚР АШМ АӨК МИК

Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының бас маман – өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторының міндетін атқарушы.