Кәсіпкерге – жаңа мүмкіндік

Өткен аптада Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен келген облыстық «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия ЖӘҢГІРОВА кәсіпкер қыз-келіншектермен маңызды саланы дамыту мәселелеріне қатысты семинар өткізді. Семинарға аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира ЕРШҰМАНОВА, «Атамекен» ҰКП аудандық филиалының директоры Аманбек СҮЛЕЙМЕНОВ қатысты.

Семинарды Эльмира Саматқызы ашып, сөз кезегін Гүлия Жәңгіроваға берді.

– Осы уақытта дейін облыс аумағындағы қала-аудандарды аралап, кәсіпкерлік саладағы қыз-келіншектермен семинарлар өткізіп келеміз. Бүгінгі таңда облыс бойынша өз кәсібін ашып жатқан нәзікжандылардың қатары қалың. Бұл – қуантарлық жайт. Ұлытау ауданы туризмді ілгері бастыруға бет бұрғандықтан, сіздерде осы бағытқа байланысты кәсіптерді ашу мүмкіндігі өте мол. Кейінгі кезеңдегі ресми ақпараттарға сүйенсек, ауданда кәсіпкерлікке қолдау көрсету мен оның өркендеуі анық байқалады. Менің сапар барысындағы басты мақсатым – сіздермен алдағы уақытта кәсіпкерлік саласын дамытудың тиімді тәсілдері мен жолдары жөнінде семинар-тренинг өткізіп, өз тәжірибеммен бөлісу, – деген Гүлия Алшынқызы аталған тақырып аясында тыңдарман үшін тиімділігі зор сипатта мазмұнды әңгіме өрбітті.

Семинар барысында кәсіпкерлер өздері ашқан кәсіптерінің ерекшеліктері мен қыр-сыры туралы ақпарат беріп, толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Ортақ мәселелер егжей-тегжейлі екшеліп, тиісті тұжырымдар жасалды.

Бас қосу түйінінде Гүлия Жәңгірова ауданда ілкімді істерімен ерекшеленген кәсіпкер қыз-келіншектер Марфуға Әбілдина, Гүлжазира Көкшина және Сандуғаш Жақыповаға «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының директоры Ерлан Күлпейісовтың Алғыс хатын табыс етті.

Шынтуайтында, кәсіпкерлік – тәуекелге бел буып жасалынатын экономикалық әрекет, тауарды өндіру және сатудан, іс-шарадан, көрсетілген қызметтерден, атқарылған жұмыстардан жүйелі пайда алуға бағытталған дербес қызмет. Осы орайда, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Үкімет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктерді аудан кәсіпкерлері тиімді пайдаланып отыр. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында аудан әкімінің қайтарымсыз грантына ие болып, өзінің ісін ашуға ниеттенген жастардың қатары да аз емес.

Жасұлан АЯШЕВ