Кәсіпқой боксшы ұлытаулықтармен кездесті

Ауданның арда азаматы, Сарысу ауылының тумасы, «МТК Kazakhstan» кәсіпқой бокс командасының мүшесі Нұрбол Сұлтанбай Ұлт ұясы – Ұлытауға келді. Кәсіпқой боксшыны орталық алаңда аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин, аудандық спорт мектебінің жас спортшылары ыстық ықыласпен, ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Алдымен Нұрбол Наурызбайұлы «Ұлытау» сапар орталығында жерлестерімен шағын форматта кездесу өткізді. Кездесуді Марат төлеуұлы ашып, Нұрболдың кәсіпқой бокста жеткен жетістіктерін саралап, алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасарына берді.

– Құрметті спортшылар! Сіздер қасиетті Ұлытау өңіріне қош келдіңіздер! Біздің ауданымыздағы кенттер мен ауылдық округтерді алып қарасақ, әр саланың үздіктері бар. Соның ішінде сарысулық Нұрбол Наурызбайұлы біздің мақтанышымыз. Біз оның әрбір жеңістеріне қуанып, жанкүйер болып жүрміз. Сарысу ауыл әкімі де бізге хабарласып, жас боксшыны қолдауға ұсыныс білдірген еді. Бүгінгі күні аудан әкімі мен кәсіпкерлер бірігіп, боксшыны қолдау мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Келесі кезекте «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қасымбеков жылы лебізін білдіріп, алдағы өтетін жекпе-жектеріне сәттілік тіледі. Ал,еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков боксшыға ақ батасын берді.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрболдың иығына шапан жауып, онымен бірге келген спортшы қонақтардың барлығына «Киелі Ұлытау» атты фотоальбомын табыстады.

Өз кезегінде боксшы Ұлытауға келген әсерімен де көпшілікпен бөлісті.

— Біріншіден, Үш жүздің басын қосқан, қасиетті Ұлытауда аудан жұртшылығы қошеметпен қарсы алып жатқанына алғысымды білдіремін. Дана халқымыз «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деп бекер айтпаған. Сіздердің ақ баталарыңызды алып марқайып қалдым. Қасиетті Рамазан айы баршаңызға қабыл болсын! Осындай киелі жерге келіп, бата алу мен үшін үлкен арман еді. Бүгін, міне, сол арманым орындалып отыр. Алдағы уақытта тек қана биік шыңдардан көрінемін деген ойдамын. Оған әлі де біраз дайындық қажет. Алдағы мақсатым — еліміздің көк туын желбіретіп, Ұлытаудан атын әлемге таныту, — деді Нұрбол Сұлтанбай.

Бұдан соң боксшы Сапар орталығын аралап, өлкеміздің тарихымен кеңінен танысты.

Сапар соңында Нұрбол Сұлтанбай аудандық Спорт кешеніне де атбасын бұрып, жас боксшылардың алдағы қадамдарына ақ жол тіледі.

Жасұлан АЯШЕВ