Көшелер қардан тазартылуда

«Қыстың көркі – қар» десек те, қыстың сақылдаған сары аязы мен ақтүтек бораны шаруашылыққа көп кедергі келтіретіні белгілі. Әсіресе, борай жауған қалың қар – ауылдықтар аса қатты қалай қоймайтын-ақ құбылыс. Үй-жай мен қора-қопсыны айтпағанда, қалың қар қатынас жолдарын басып қалып, ауыл тұрғындарына қыруар қиындық туғызатыны бар. Биылғы қыстың алғашқы екі айы шаруашылыққа жайлы болғанымен, ақпан айының алғашқы онкүндігінің соңын ала соғып өткен ақтүтек боран елді едәуір әбіржітіп кеткен сыңайлы. Дегенмен, жеке шаруашылықтар үйреншікті тірліктерін күйттеп жүріп жатыр. Ал аудан орталығындағы көшеаралық қатынас жолдарын басқан қалың қардан аршып, тазалау жұмыстарын, жылдағыдай «Ұлытау-Тасбұлақ» ЖШС қолға алды.

Білікті маман, іскер азамат Бағдат Бекетаев жетекшілік ететін серіктестік – Ұлытау аумағында абырой, беделге ие. Шағын ғана ұжымы бар ЖШС техникалық мүмкіндігі жоғары. Соңғы жылдары аудан орталығындағы жолдарды күтіп ұстау, аудандық мекемелердің ғимараттарын қысқы маусымда жылумен қамтумен айналысып отырған серіктестік науқандық жұмыстарға да белсене араласады. Село әкімдігінен биылғы қаңтар, ақпан айларына ауылішілік жолдарды күтіп ұстауға 10,0 млн. теңге бөлінген. Енді наурыз, сәуір айының 15 жұлдызына дейінгі және 15 қазаннан жыл аяғына дейінгі көше жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарына 12,0 млн. теңге қаражат қарастырылып, конкурс жарияланбақшы. Ал жазғы көше тазалығы жұмысына 5,0 млн.теңге қарастырылып отыр. Осы бөлінген қаржыны «Ұлытау-Тасбұлақ» ЖШС игеруді бастады. Серіктестіктің жұмысына ұлытаулықтар дән риза.

Аудан орталығы басқа ауылдарға үлгі-өнеге көрсетуі тиіс болса, бұл үдеріс жыл басынан-ақ жалғасын тапқандай. Ұзағынан болса екен…

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ

Суретте: село көшелерін қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Суретті түсірген Жасұлан АЯШЕВ.