Көше жолдары жаңғыртылды

Жол – экономиканың күре тамыры деп жатады. Ал, ауыл ішіндегі жолдар сол елді мекеннің көркі де. Ана бір кездері ауылдағы жолдармен көлік тұрмақ жаяу жүргіншілердің өзі әрең жүретін жағдайда еді. Қазір олар жаңғыртылып, көшелерге де көрік беріп тұр.

Осындай бір жарқын іс Мибұлақ ауылында да қолға алынып, өз нәтижесін беріп отыр. Ауылдың Сәрсенбин, Сәкеев, Тұрсынбай, Байсалбай көшелеріндегі жолдар биыл жаңғыртылып, қазан айының 15-і күні толықтай пайдалануға берілді.

Орайы келгенде айта кетейік, бұл жолдардың келешегіне әуелде ауыл тұрғындары сенімсіздеу қараған еді. Алайда, ауыл әкімінің тікелей басшылығымен жол құрылысы сапалы жүргізіліп, ойдағыдай аяқталды.

– Жаңғыртылған жолдардың жалпы ұзындығы 2,4 шақырымды құрайды. Кезінде бұл жолдардың бәрі жай қара жол болатын. Кейбір көшелерде жол жоқ та еді. Ел жұмысқа, балалар мектепке барғанда батпақпен су кешіп жүретін. Осыдан құтылу үшін көтерме жол салу керек деп шештік. Биіктігі 60 сантиметр, ені 6 метр болатындай етіп табан салынып, тапталып, үстіне қиыршық құм төселіп, тегістелді. Қазір көшеге көрік беретіндей, елге жайлы әп-әдемі жолдар салынды, – дейді округ әкімі Қалдыбек Кәкімжанов.

Келешекте ауылдан шығып Қызылорда-Жезқазған күрежолына қосылатын жол мен осы жол бойындағы апатты жағдайдағы көпірді жөндеу күн тәртібінде тұр. Бұл да өзінің оң шешімін табады деп отыр ауыл әкімі. Лайым солай болғай!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ