Көше тұрғындары белсенділік танытты

Ұлытау селосы Тайжан көшесінің тұрғындары осыдан бірнеше жыл бұрын көшелерді таза ұстау жөніндегі бастаманы көтеріп, қолға алған еді. Бұл көшенің тұрғындары өздерінің тұратын көше бойына сенбілік жасап, бастаманы челлендж ретінде басқа да көшелерге жолдаған болатын.

Биылғы жылы да Тайжан көшесінің тұрғыны, еңбек ардагері Серік Баймағанбетовтың бастамасымен бұл челлендж жалғасын тапты. Көше тұрғындары да бастаманы бірауыздан қолдады. Көше белсенділері өз қаражаттарымен жол бойында орналасқан бағандарды әктеп, сырлау жұмыстарын жасады. Сонымен қатар, көше тазалығына да назар аударылып, тұрғындардың ұйымшылдығы арқасында көше іші күл-қоқыстан тазартылды.

– Осындай көшеміздің белсенді тұрғындарын қолдауға шақырамын. Ауданымыздың әр тұрғыны өзінің тұрып жатқан үйлерінің айналасын қоқыстардан тазартып отырса нұр үстіне нұр болар еді. Бұндай тазалық жұмыстары алдымен өзімізге керек. Ауданымыз туризм орталығы болады деп жатыр. Сырттан келуші қонақтардың алдында көшелеріміз таза болса өзімізге жақсы емес пе?! Сондықтан, әрдайым сіздер тазалық жұмыстарына көңіл бөледі деген ойдамын. Осы челленджді үлкеніміз, жасымыз баршаңызды қолдауға шақырамын. Көше тұрғындары атынан Серік Баймағанбетовке алғысымызды білдіреміз, – деді ауыл ақсақалы Есенғали Әбжамалов.

Жасұлан Аяшев