Көкпар ұйымдастырылды
Ер жігіттің мықтылығы мен қайтпас қайсарлығы сынға түсетін көкпар додасы Байқоңыр ауылында алғаш рет ұйымдастырылды. Оған Жанкелді селолық округінің әкімі мұрындық болды. Біріншілік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды.
Ашылу салтанатында ауыл ақсақалы М.Бірмағамбетов көкпаршыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Көкпарға тартылатын серкені ауыл азаматы Е.Оралбай сыйлады.
Тартысты додада тақымы тас, білекті де жүректі ауыл жастары «Үйтас» және «Шоқпар» командаларына бөлініп өзара күш сынасты. Табандылық, батылдық пен шапшаңдық танытқан көкпаршылардың ойынына ауыл тұрғындары дән риза болды.
Нәтижесінде 5/1 есебімен «Үйтас» тобы жеңіске жетті. Топ көкпаршысы О.Әбілда 3 салым салса, Ж.Ақбейсен 2 салым салды.
«Шоқпар» тобының көкпаршысы К.Әбілғазы бір салым салса, Ә.Қайырлыбай ептілігімен танылды.
Жеңіске жеткен «Үйтас» тобына қоғамдық кеңес мүшесі М.Талпақовтың атынан серкенің муляжі табыс етілді. Сондай-ақ, додаға түскен барлық көкпаршыларға ақшалай сыйлық берілді. Сыйақы қорын ауыл жастары өздері жинады.
Нұргүл СӘЛІМҚЫЗЫ.
ауыл әкімдігінің маманы.
БАЙҚОҢЫР ауылы.