«КӨКМАЙСА» – келешегі кемел этнофестиваль

Ұлытауда бастапқыда «Терісаққан көктемі», «Ұлытау қымызы» деген атпен ұйымдастырылып, кейін «Көкмайса» этнофестивалі атауымен дүйім елге танымал болған көктемгі қымызмұрындық мерекесі келешекте республикалық һәм халықаралық деңгейде тойлануы тиіс. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА мәлімдеді.,

Мәселенің мәнісіне үңіле түссек, жуырда ұлттық мұралардың шынайы жанашыры – «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Бақтияр Қожахметов аталған министрлікте өткен алқалы жиында ЮНЕСКО тарапынан адамзаттың материалдық емес құндылықтар тізіміне «Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекесі» аталымымен енгізілген «Көкмайса» этнофестивалінің маңызы, басты ерекшеліктері, бағдарлама сипаттамасы және ұйымдастыру шарттылықтарының дәстүрлі тәртібі мен қағидаларына қатысты арнайы әзірленген бейнероликтерді ұсына отырып, хабарлама жасаған болатын. Осы орайда, жылқы тақырыбын зерттеуші этнограф, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың деректері, белгілі этнограф ғалымдар Эмма Усманова мен Зүбайда Сұрағанованың зерттеулері негізге алынғанын айта кеткен жөн.

Тақырыпты талқылаудан кейінгі өзінің қорытынды сөзін Ақтоты Рахметоллақызы «Қарағанды облысымен бірігіп, Ұлытауда «Қымызмұрындық» мерекесін болашақта республика деңгейінде өткізу керек. Сондай-ақ, осы фестивальді республиканың барлық өңірінде дәстүрге айналдырып, бүкіл түркі әлеміндегі – Саха елінен (Якутия) бастап, Мажарстанға (Венгрия) дейінгі жылқышылардың, көшпелі мәдениет ұрпақтарының басын қосып, халықаралық деңгейде ұйымдастыруға болады»,- деп түйіндеді.

Көңілге аса қонымды тұжырым жасалған жиынға Вице-Министр Нұрғиса Дәуешов, министрліктің Туризм комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков, «Kazakh Tоurism» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев қатысты.

Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН