Әйел – ана, әйел – өмір, әйел – жыр!

Басқа елде қайдам, Қазақстанда көктем мезгілі Халықаралық əйелдер күні мерекесімен бірге келеді. Содан ба, əйтеуір əйел мен көктемнің ұқсастықтары көп. Ең негізгісі – екеуі де өмір бастауы. Көктем де мейірімін төккен анадай шуағын шашып, жанға жылылық сыйлайды. Өмірдің мəні, тіршіліктің сəні – əйел. Ол – тіршіліктің тамыры, шаңырақтың ұйытқысы.

Нəзікжандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тəрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Еліміз іскер əйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес. Қолға алған кəсібін кеңейтіп, əр ісін тыңғылықты жүргізетін кəсіпкер əйелдер біздің өңірімізде де жетерлік. Кəсібін дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас. Десекте, кəсібімен қатар үйдің ұйтқысы болып, қоғамда өз орнын ойып тұрып алған бұрымдылар ауданымызда аз емес. Бүгінгі таңда аймағымыздағы аруларды бір шаңырақ астына жинап отырған аудандық іскер əйелдер қауымдастығының қатары күн санап артып келеді.

– Бүгінгі таңда қызкеліншектерге мүмкіндік көп. Түрлі сайттарда, инстаграмда кəсіби біліктілікті көтеретін, шеберлікті үйрететін əртүрлі аккаунттар кімге болса да қолжетімді. Бұрын аналарымыз мұның бəрін арнайы жазылған кітаптарды көтеріп, үйренетін. Ал қазір кəсіппен айналысамын деген адамға барлығы бар. Тек ерінбей, алға мақсат қойып, соған жету жолында барлық қиындықтан қорықпау керек. Ең бастысы бұл өмірде өз жолыңды табу. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Əлемде барлық нəрсе махаббатқа негізделген. Кез келген істі махаббатпен істесеңіз, жемісін береді, – дейді аудандық Іскер əйелдер қауымдастығының төрағасы Эльмира Ершұманова.

«Адамдық негізі – əйел» дейді əйгілі Əуезов. Шынында да, бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен əлемді тербейтін əйелдің қоғамдағы рөлі шексіз-ау. Əйел – ана, əйел – аяулы жар, əйел – кəсіпкер. Осының бəрі бір əйелдің бойынан табылуының өзі табиғаттың берген құдіреті емес пе?!