Ізгілікке ұйыған игі шара

Ұлытау ауданында мүгедектігі бар азаматтарға арналған ерекше қамқорлық шарасы өтті. Бұл игілікті іс-шара аудан әкімдігінің бастамасымен және ауданның Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында, «Жауыртау жұртына» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді.

Адамгершілік пен мейірімге толы бұл басқосу аудандық мәдениет үйінде өтті. Шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде қоғамдағы ерекше жандарға деген қамқорлық — өркениетті елдің ең басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.
– Біздің мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау. Олардың бойындағы талант пен қайсарлық бәрімізге үлгі, – деді Алмат Қайратұлы өз сөзінде.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Кештің көркін аудан өнерпаздарының ән мен күйге, би мен көрініске толы концерттік бағдарламасы аша түсті. Әсем ән мен әсерлі билер залды шаттыққа бөлеп, ерекше жандардың жүздеріне қуаныш ұялатты.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, өздеріне көрсетілген құрмет пен қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді.
Бұл игі дәстүр — Ұлытау ауданында ерекше жандарға қолдау көрсету мен қоғамдағы бірлікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Мұндай іс-шаралар арқылы мүгедектігі бар азаматтар қоғамнан шет қалмай, өз әлеуетін танытып, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алып келеді.

Аманкелді АҚШАЛ.