Ізгі істер – ел игілігіне
Жылдағы дәстүрмен биыл да жалғасын тапқан кенттік, ауылдық округтер әкімдерінің өткен жылы атқарған жұмыстары жайлы тұрғындар алдындағы есептері аяқталды. Апта ортасында Ұлытау ауылдық округінің әкімі Талғат ӘБЖАППАРОВ тұрғындар алдында, 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін берді.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынға қатысушылар, пандемияға байланысты карантиннің қайта күшейтілген талаптарын сақтай отырып жайғасты. 30 адамнан аспайтын мекеме, бөлім қызметкерлері қатысқан жиынды аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев ашып, жүргізді. Ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров есепті баяндамасына қысқаша шолу жасап, слайд арқылы аудан орталығында Тышқан жылы атқарылған жұмыстарды атап айтты. Негізі өткен жылы село аумағында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылғаны аян. Сол кездегі аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының тікелей басшылығымен, небір ізгі істер ауыл тұрғындарының көз алдында жүзеге асырылды. Көңілге қуаныш ұялататын жұмыстар ел игілігіне бағытталып, село тұрғындары ризашылығын айтуда.
Жиын барысында село тұрғындары Әбжаппар Сатыбалдин, селолық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов, «комхоз» бастығының орынбасары Мақсұт Смайылов, зейнеткер Шолпан Жалғабекова тағы басқалары көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға салып, ой бөлісті. Тікелей эфирден, арнайы жәшіктен алынған сұрақтарға да нақты жауаптар қайтарылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, аудан әкімінің кеңесшісі Марат Бекмағамбетов село аумағындағы түйткілді мәселелерге тоқтала келе, Талғат Мұсылманбекұлының 2020 жылғы атқарған жұмыстарына, «қанағаттанарлық» деген баға берді.
Иә, өткен жылы село көлемінде жүргізілген ізгі істер (жарықтандыру, жол, ауызсу, сәулеттендіру, т.б.) баршылық. Оның шапағатын ауыл тұрғындары көріп отыр. Ұзағынан болғай – дейді ұлытаулықтар бірауыздан.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ
ҰЛЫТАУ ауылы.