Ізденіс іздері
Ұстаз жолы қиын əрі дара жол. Дара жолды салу үшін ұстаз еңбек етеді. Сол жолмен қияға шығар, шыңды бағындырар, шəкірт тəрбиелейді. Сондықтан бұл жолды мінсіз салу оңай емес. Былай қарағанда, екініңбірі мұғалім бола алады. Бірақ, ұстаз бола алмайды. Шын ұстаз болу үшін табиғи дарын жеткіліксіз, ізденіс пен ерен еңбекті қажет етеді бұл жол. Ал, бүгінгі тақырып кейіпкері – Лəззат ЕСКЕНОВА, ол – нағыз ұстаз. Өзінің отыз жылдан аса еңбек өтілін бала оқытумен байланыстырған тəжірибелі маман.
Бүгінде саналы ғұмырын бала тəрбиесіне арнаған, соның ішінде №2 Қорғасын орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, шəкірттерімен тек ауданға ғана емес облыс көлеміне еңбегімен ерекшеленіп жүрген сыйлы жан. Лəззат 1989 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітіріп, Ұлытау ауданының білім бөлімінде алғашқы еңбек жолын бастайды. 1992 жылы туған ауылы Шеңберге оралып, математика пəнінің мұғалімі болып жұмысын жалғастырады. Содан күні бүгінге дейін ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп келеді. Өмірінің əр күнін шəкірттеріне арнап, өзі де жан-жақты тəжірибе жинап, ізденіс пен шығармашылығының арқасында шыңдалды. Білімділігімен, парасат-пайымымен əрбір шəкірттің жүрегіне жол таба білді. Ұжым арасында беделі артты. Өз мамандығының қыр-сырын терең меңгерген ол 2019 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде Лəззат Əмірəліқызының жеткен жетістіктері аз емес. «Жыл мұғалімі-2003» байқауында білгірлігі мен біліктілігін байқатып, «Əдіскер мұғалім» атанды. Қазір де Лəззаттың шəкірт тəрбиелеудегі еңбегі еселі. Биылғы жылдың өзінде ҰБТ-да түлектері алдыңғы орындардан көрінді. Біреуі «Алтын белгіге», екіншісі «Үздік аттестатқа» иеленіп, жоғары оқу орнына грантқа түсті. Екі оқушысы да математика, физика пəндерінен жоғарғы көрсеткішке иеленді. Бұдан басқа да оның алдынан өткен шəкірттері аудандық, облыстық ғылыми жобаларда, олимпиадаларда жүлдегер атанып, мұғалімнің абыройын асқақтатып жүр. Осындай зейінді оқушылары – оның мақтанышы, төккен терінің жемісі, жеткен жетістігінің жеңісі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ