Ислам ұстанымына қайшы
Зерттеушілер ДАИШ террористік ұйымының қатарындағы содырлардың діни көзқарастары радикалдық сипаттағы тәкфіршілік ұстанымдарынан туындайтынын айтады. Осы тұрғыдан алғанда тәкфіршілдер қандай шетін көзқарастарды уағыздайды және нені басшылыққа алады?
Ең алдымен радикалдық сипаттағы тәкфіршіліктің мәнін анықтап алған жөн. Тәкфіршілік – ислам діні жөніндегі мәселелерде өзінің ұстанатын діни түсінігі мен бағыт-бағдарына сәйкес келмейтін кез келген азаматқа (әсіресе мұсылманға) «кәпір» деген айып тағу арқылы оны діннен шығару болып табылады. Радикалдар өздерінің идеологияларында уаһабилік діни түсінікке сүйенеді. Дәстүрлі исламды ұстанатын өзге мұсылмандарды «дінсіз» деп жариялайды.
Тәкфіршілер «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мәзһабтар туралы ештеңе айтылмаған, ондай түсінікке дінде орын жоқ» деген идеяны алға тартады. Олар дәстүрлі исламда бұрыннан қалыптасқан мәзһаб түсінігіне қарсы шығып, дінге сенушілер арасында іріткі салып адастыруда. Тәкфіршілер әулиелерді құрметтеуді, бейіт басында Құран бағыштауды, жұлдыз-жорамалды, ырым-нанымдарды, ұлттық салт-дәстүрлерді «бидʼа» («дінге жаңашылық енгізу») деп есептейді. Ал дінге жаңашылық енгізген адамға «муртад» («діннен шыққан») деген айып тағып, кәпірге шығарады.
Тәкфіршілер мұсылман елдеріндегі өздерінің идеологияларына қайшы келетін билік басшыларына, сондағы құқық қорғау органдары мен құрылымдардың өкілдеріне қатысты «тәкфір» үкімін қолданып, ондай мемлекетті «тағұт» («пұтқа табынушы») деп атайды. Бүкіл қоғамды кәпірге шығарып, «тағұт» деп айыптағаннан кейін олар төмендегідей екі әдістің бірін қолданады:
1) «кәпір» деп айыпталған өз еліне қарсы «жиһад» («күрес») жариялау;
2) ислам мемлекетіне «хижрет» («көшу»).
Олардың бұл әдістері дәстүрлі ислам қағидаттарына сәйкес келмейді.
Сарапшылардың айтуынша, радикалдық діни көзқарастағы ДАИШ содырларының қылмыстары жиһадтық және тәкфіршілік идеяларға негізделген. Дегенмен бүкіл өркениетті әлем ДАИШ-тың әрекеттерін «лаңкес», «терроризмнің нағыз өзі» деп санайды.
ДАИШ-тың лаңкес идеясы – Солтүстік Африкадан Қытайға дейін созылған, құрамына Орталық Азия да кіретін кеңістікте «Ислам мемлекетін» құру болып табылады.
ДАИШ идеологиясы зайырлылықтың кез-келген үлгісіне қарсы. Ондай жүйелерге «тәкфір» жариялап, оларды жоққа шығарады. ДАИШ содырларының пайымдауынша, мемлекеттік жүйе тек шариғат негізінде ғана құрылуы тиіс. Олар ислам шариғатына сәйкес келмейтін мемлекеттерді мойындамайды. ДАИШ түсінігінде Құран мен сүннетпен басқарылмайтын мемлекет «кәпірлер мемлекеті» деп есептеледі. Олар әлемдегі мемлекеттерді «ислами» және «кәпір» деп екіге бөліп қарастырады.
Дәстүрлі исламда «тәкфір» үкімін жариялау тәртібі бірқатар шарттарды орындауды қажет етеді. Сондай-ақ, тәкфір жариялау исламдық құқық саласындағы атақты ғалым-мүфтилердің құзіретіндегі іс. Тиісті деңгейдегі не білім жоқ, не өмірлік тәжірибесі жоқ кез-келген адам мұндай маңызды шешім қабылдай алмайды. Дәлелсіз «тәкфір» жариялау исламға тән сабырлық пен түсінушілік ұстанымына қайшы келеді. Радикалдар намаз оқымайтындарды кәпір санайды. Бес уақыт намаз оқу исламда парыз амалы. Дегенмен, намаз оқымаған адам дәстүрлі исламда кәпір емес, күнәһар болады. Алланы жоққа шығару, басқа құдайларға сыйыну, пайғамбарды немесе Құранды жоққа шығару сияқты діни-сенім амалдары күпірлікке апарады.
Осыған орай, ислам ғалымдары «тәкфір» үкіміне байланысты: «Күпірліктің шариғаттағы мағынасы дінде айқын дәлелдермен белгілі болған нәрсені жоққа шығарып, оны мойындамау», – деген анықтама берген. Ал, Имам Нәуәуи: «Ақиқат жолын ұстанушылар құбылаға бет бұрғандардың (яғни өздерін мұсылман санағандар) ешбірін жасаған күнәсі немесе нәпсісінің қалауына ергені үшін күпірлікке шығармайды», – деген пәтуа айтқан. Тәкфіршілік ұстанымдағы ДАИШ содырларының әрекеттері болса, дәстүрлі исламдағы аталмыш қағидаттар шеңберінен әлдеқайда шығып тұрғанын аңғартады.
Аудандық ішкі саясат бөлімі.