Іскер, қабілетті мұғалім Бақытбек Алтынбекұлы туралы бір үзік сыр
Мұғалім – мəртебелі мамандық. Ол түсінікті де. Өйткені, жас жеткіншектің ұшқыр қиялын, ойын дəл ұғып, дүниетанымын дамытатын мұғалім. Қашаннан жақсы мұғалімнің ісі де, еңбегі де, артында қалар ізі де айрықша дараланары анық. Сондай жанның бірі – бүгін зейнет жасқа толып отырған №14 жалпы білім беретін Алғабас мектебінің директоры Бақытбек АЛТЫНБЕКОВ.
Қарап отырсақ, кешегі білікті мұғалім, бүгінгі ұлағатты ұстаз – Бақытбек Алтынбекұлының басынан өткен өмір жолы өнегемен өрілген. Өмірбаянын ақтарып қарасаң, білім саласына сіңірген еңбегі орасан. Есте қалар естелігі мол өткен күндерге шегініс жасасақ, тілге тие кетер айшықты, ғибратты еңбек жолы «ұстаз» деген ұлы есімнің маңызын аша түседі. Оның өмірдастаны Ұлытау өңірінен тамыр тартады. Алғабас ауылында Алтынбек ақсақалдың шаңырағында шыр етіп, 1961 жылы өмір есігін ашқан кейіпкеріміз жақсы мен жайсаңдардың алдын көріп ержетті. 1979 жылы Алғабас орта мектебін бітіріп, сол жылы Жезқазған педагогикалық институтына оқуға түседі. 1984 жылы аталған оқу орнын физика-математика мамандығы бойынша тəмамдайды. Дипломын алған соң жас маман туған жеріне оралып, өзі оқыған мектебіне физика пəнінің мұғалімі болып қабылданады. Көп уақыт өтпей Бақытбек мұғалімнің іскерлігін байқаған ауыл халқы оны ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлайды. Бұдан кейінгі депутаттардың басты жиынында Алғабас ауылдық кеңесінің хатшысы етіп тағайындайды. Бұл қызметте де Бақытбек Алтынбекұлы үлкен іскерлік пен қабілеттілігін танытады. Əсіресе, ауылдықтардың əл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға, мəдени-рухани дəрежесін көтеруге барынша күш салады. Осы жолда да сөзі мен ісі қабысқан, əділ əрі қарапайым жанның атқарған еңбегін осы күнге дейін ауыл халқы аңыз қылып айтады. Кейін Кеңес Одағы тарап, еліміз Тəуелсіздік алған соң Бақытбек Алтынбекұлы 1992-1997 жылдары шаруа қожалығының төрағасы болады. Уақыт өте келе, заман көші ілгері жылжыған соң өз мамандығы бойынша білім ордасына қайта оралып, Алғабас мектебіне мұғалім болып орналасады. Бұл – 1998 жылдың күзі еді. Сол жылдан бастап білім саласына қайта бет бұрған Бақытбек өмір жолында кездескен қиындықтарға қарамай, сүйікті мамандығын өрге сүйреп, талай игі істің басы-қасында жүрді. Мұғалімдік қабілетіне дақ түсірмеді. Ұстаздық тəлім-тəрбиесімен бірге, əкелік қамқорлығын көрсеткен ол шəкірттерінің нағыз тұлға болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді. 2003-2009 жылдары мектеп директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындал ды. 2010 жылдан бастап, 2024 жылдың қараша айына дейін зейнет жасқа жеткенше №14 Алғабас мектебінде директор болды. Осы жылдарда мектеп директоры қызметін мінсіз атқарып, талай түлектің талабын ұштады. Талапты азаматтың талпынысын, іскерлігін көрген билік өкілдері мектеп межесін көтеру мақсатында тиянақты жұмыс атқарған Бақытбек Алтынбекұлын мектеп директоры лауазымына лайықты деп таныды. Ол басшылық қызметте жүргенде де физика пəнінен сабақ бере жүріп, шебер ұйымдастырушы, əдісқой маман, ұлағатты ұстаз ретінде танылып, ұжым мен ата-аналар алдында сый-құрметке бөленді. Өйткені, Бақытбек мұғалім өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кəсіби маман. Өз мамандығының шынайы білгірі. Əрдайым ол ұрпақ қамы үшін бар білімін аямаған білікті тұлға. Оның атқарған еңбегі, іскерлік қабілеті ескеріліп, Қарағанды облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен жəне Ұлытау ауданы білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Əлі де мемлекеттік наградаларға ұсынылып, еңбегі еленіп жатса, ол да артық емес. Өйткені, Бақытбек Алтынбекұлы адал еңбегімен абыройға бөленіп, білім саласына елеулі үлес қосқан ардақты ұстаздардың бірі. Қай жұмыста болсын жігерлігі, білімділігі мен тапқырлығының арқасында жоғары лауазымға жетті. Бұл оның қызметіне деген жауапкершілігінің көрінісі.
Бүгінде Бақытбек Алтынбекұлының алдынан білім алған шəкірттері Қазақстанның əр аймағында жемісті еңбек етіп жүр. Оқығаны көп, тоқығаны жетерлік Бақытбек мұғалімнің іскерлік жұмысы мен тəлімгерлік тəжірибесін бойына дарытып, ұстаздың шеберлігін үлгі етіп жүрген шəкірттері қаншама.
Бəкеңнің алаңсыз жұмыс жасауына тілекші, ең қамқор болған адам, ол құдай қосқан жары – Жанат Серікбайқызы. Екеуінің көңілдері жарасып, өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көріп келе жатқандарына да қырық жылға тақапты. Зайыбы Жанат та – жоғары білімді педагог, қазір зейнет демалысында. Ұстаздар əулетінен тəлім алған балалары да білікті маман иелері. Олар өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Əр салада абыройлы қызмет атқаруда. Мұның бəрі шын мəнінде ұрпағын адамгершілікке баулыған ардақты əке мен мейірімді ана тəрбиесінің жемісі екені сөзсіз. Үлкен ұлы – Жанбота «Қазақмыста» қызметте, қызы – Жансая Жезқазған қаласының «Зерделі» мектебінде мұғалім. Ортаншы ұлы – Аясын Шұбаркөл кенішінде еңбек етеді. Кенже баласы – Ардақ атаанасымен бірге ауылда. Қазақ гидрометорологияға қарасты мекемеде қызмет атқарады. Осы төрт баласынан Бақытбек пен Жанат сегіз немере сүйіп отырған үлкен əулеттің атасы мен əжесі.
Айта берсек, Бақытбек Алтынбекұлы туралы айтарымыз көп. Бірақ, оның бір кітапқа жүк болатын тұтас ғұмырын, шағын жазба аясына сыйғызу мүмкін емес. Əйтсе де, Пайғамбар жасына келіп, ел-жұртының құрметіне бөленіп отырған Бақытбек мұғалімнің өмір өрімін тоқсан ауыз сөзбен, тобықтай түйгендей болдық.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.