Өңірдің өркендеуі – ортақ игілік
Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ бейсенбілік жұмыс күнін Ұлытау ауданына арнап, аудандық мəдениет үйінде халықпен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы 2023 жылғы жоспарларымен бөлісіп қана емес, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да айтты. Бұқарамен бетпебет тілдесіп, бүкпесіз ашық əңгіме өрбіткен əкімнің сөзі денсаулық сақтау, білім беру, агроөнеркəсіптік кешен жəне ТҮКШ, құрылыс пен табиғатты пайдалану салаларына қатысты өрбіді.
Халық үшін маңызды жобалардың арасында орталық аудандық аурухана мен жеті фельдшерлік-акушерлік пункт салу да бар. Сонымен қатар, 2024 жылы 400 орындық маусымдық этнотуристік лагерь, 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы басталатын болды.
Жиында облыстық басқармалар басшыларының баяндамалары да тыңдалды. Оларға Берік Əбдіғалиұлы аудан тұрғындарының өзекті мəселелерін шешу бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Бұдан кейін аудан тұрғындары көптің көкейінде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бірақ жеке бас қамын күйттеген сұрақтар емес, жалпыға ортақ мəселелер қойылды. Əр сауалға облыс əкімі мен жауапты тұлғалар ашық микрофон форматында орнықты жауап беріп отырды. Жиын соңында Б.Əбдіғалиұлы аудан тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдады. Жалпы, қабылдауға келген əрбір азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өзекті мəселелерін шешу бойынша көмек көрсетілді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ