Өңірдің әлеуметтік әлеуетін бағамдады
Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ жұмыс бабындағы сапармен Ұлытауға арнайы келіп, ауданның қазіргі таңдағы ахуалы мен әлеуметтік әлеуетін бағамдады. Кенттерге атбасын бұрды, жұртшылық өкілдерімен жүздесіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Сапар барысында облыс басшысының орынбасарымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан АБЫЛАЕВ және аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ бірге болды.
Абзал Нүкенұлы алғашқы кезекте аудан жастары өкілдерімен кездесіп, емін-еркін жағдайда әрі кең ауқымда пікір алмасты. Қолайлы мүкіндікті ұтымды пайдаланған жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әңгіме жаймашуақ жағдайда өрбіп, тараптар арасында екіжақты терең түсіністік орныққаны айқын аңғарылды.
Бұдан кейін аудан орталығындағы жаңадан бой көтеріп, көпбалалы отбасыларға берілген үшқабатты тұрғын үйде болып, қоныс тойларын жуырда ғана тойлаған тұрғындармен жүздесті. Облыс әкімінің орынбасары игілігін аналар мен балалар көріп жатқан еңселі үйдің құрылыс жұмыстарының сапасына оң баға берді.
Жұмыс сапары одан әрі аудан орталығындағы Сапар орталығында жалғасты. Онда ауданға туристерді тарту мақсатында алдағы уақытта атқарылатын кешенді жұмыстар жөнінде кеңінен әңгіме қозғалды.
Абзал Нүкенұлының жұмыс сапары Жезді және Қарсақбайда жалғасын тауып, қос кенттегі спорт кешендерінің жай-күйімен танысты. Қолданысқа берілген Қарсақбай кентіндегі кешен қазіргі таңда тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Ал, Жезді кентінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталуы тиіс.
Сапар түйінінде облыс әкімінің орынбасары Қарсақбай агротехникалық колледжінде болып, кәсіби білім беру ошағының алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарымен танысты. Колледж басшылығымен мақсатты қадамдарды ілкімді ету жолдарын талқылады.
Жасұлан АЯШЕВ.